13:26, 05 Маусым 2017 | GMT +5
Астанадағы Пәкістан үшін маңызды ШЫҰ саммитіне Наваз Шариф келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Пәкістанның Премьер-министрі Наваз Шариф 8-9 маусым күндері екікүндік сапарымен Қазақстанға келіп, Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне қатысады, деп хабарлайды The Nation .

Үндістан және Пәкістанды Шанхай ынтымақтастық ұйымына қабылдау рәсімі 8-9 маусым күндері аталған ұйымға мүше-елдердің басшыларының қатысуымен Астана қаласында өтетін саммитте өтеді деп күтілуде.
«ШЫҰ кеңейту мәселесі бүгінгі таңда сөзсіз өзекті мәселе. ШЫҰ-ына мүше-елдер басшыларының 2005 жылдың шілде айындағы Астана қаласында өткен кеңесінің отырысында Үндістан мен Пәкістан бақылаушы-елдер мәртебесіне ие болды. Алда өтетін ШЫҰ саммиті барысында біз ұйымымыздың осы кезеңдегі кеңеюінің куәсі боламыз», - деді Қайрат Абдрахманов сәуір айында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-елдердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде.