Астанадан Бакуге дейін: Түркі әлемінің «Силикон алқабын» құру ұсынылды

АСТАНА.KAZINFORM - Түркияның Әділет және даму партиясы (AK Parti) төрағасының орынбасары, түркі мемлекеттерімен байланыс жөнінде төраға, профессор Күршад Зорлу Әзербайжан астанасы Баку қаласында өткен Түркі әлемінің IV халықаралық инженерлік саммитінде түркі әлемінің біртұтас технологиялық кеңістігін құруды ұсынды, деп хабарлайды Анадолы.

п
Фото: aa.com.tr

- Барлық мекеме бен ұйымдарымыздың күш-жігерін біріктіріп, түркі әлемінің «Силикон алқабын» іске асыруды ұсынамын. Астанадан Бакуге дейін, Ташкенттен Ыстанбұлға дейін, Будапештен Никосияға дейін созылатын бұл технологиялық белдеу Made in Türk dünyası — «Түркі әлемінде жасалған» белгісімен танылуы тиіс, - деді ол.

Іс-шарадан кейін К.Зорлу журналистерге 15 мамыр күні Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтетінін және ол «Цифрлық даму және жасанды интеллект» тақырыбы аясында ұйымдастырылатынын атап өтті.

-Түркі әлемінің экономикасы мен 30-дан астам бағыттағы ынтымақтастық одан әрі дамып, жаңа деңгейге шығу үшін цифрлық салада ықпалдастықты күшейту қажет. Осы түсінік негізінде Түркі мемлекеттері ұйымы да бұл бағыттағы жұмыстарын жеделдете түсетін болады, - деді Зорлу.

Айта кетейік, түркі елдері Түркістан саммиті алдында интеграцияны күшейтуге назар аударды.