Астанаға РФ Қарулы Күштері Бас штабының бастығы жұмыс сапарымен келді
АСТАНА. Сәуірдің 14-і. ҚазАқпарат – Бүгін Астанаға жұмыс сапарымен Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, армия генералы Николай Макаров келді.
Бас әскери ведомствода ол Қазақстанның Қорғаныс министрі Даниал Ахметовпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бірлесе өткізілген шаралар серпіні Қазақстан мен Ресей қорғаныс ведомстволары арасындағы өзара іс-қимылдың арта түсіп отырған деңгейін көрсетеді. Бүгінде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықтың әртүрлі қырлары бойынша 60-тан астам құжатқа қол қойылған. «Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі ? біздің елдеріміз қарулы күштерінің арасындағы өткізіліп жүрген бірлескен жаттығулар, - деп атап көрсетті Қазақстан қорғаныс министрі. - Жоспарланып отырған жаттығулар аймақтық қауіпсіздік пен қорғаныс, лаңкестікке және экстремизмге қарсы тұру саласындағы өзара іс-қимылдың шептерін едәуір кеңейте түседі, көптеген мәселелерді ұжымдаса шешу қажеттігі жөніндегі түсініктерімізді бекіте түседі».Биылғы қыркүйек айында Қазақстан аумағында «Іс-қимыл-2009» стратегиялық командалық-штабтық жаттығулары өтеді, оған Жедел үнқату ұжымдық күштері қатыспақ.
Ресей Федерациясы Қазақстан Қарулы Күштері үшін әскери кадрлар даярлауда стратегиялық және негізгі әріптес болып отыр. Шетелдерде білім алған барлық мамандардың 90 пайыздан астамы Ресей Қарулы Күштерінің әскери оқу орындарында даярланған. РФ Қарулы Күштері Бас штабының бастығы ресейлік қорғаныс ведомствосы ресейлік жоғары оқу орындарында қазақстандық әскери кадрларды даярлау көлемін кеңейте түспекші болып отырғанын айтты. Биылғы жылы сәуірдің басында Мәскеуде болған штабтық келіссөздерде қазақстандық әскери қызметшілерді Ресей қорғаныс министрлігі жоғары оқу орындарында оқытудың 2009-2010 оқу жылына арналған квотасын елеулі арттыру жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді. 1993 жылдан осы кезге дейін РФ Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарында 3 мыңнан астам қазақстандық әскери қызметшілер білім алып шықты. Қазір онда 1 259 қазақстандық әскери қызметші оқып жатыр. Кездесуді қорытындылай келіп, Д.Ахметов бірлескен шараларды ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өзара сенімді одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірді. Ресейлік әскери делегацияның Қазақстанға сапары екі күнге созылады. Ертең ресейлік әскери қолбасшы Қазақстан Қарулы Күштері Штабтар бастықтары комитетінің төрағасы, армия генералы Мұхтар Алтынбаевпен кездеседі.