Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астаналық оқушы өсімдіктен экологиялық қағаз жасап, патент алды

АСТАНА. KAZINFORM — Астаналық оқушы Зайна Жүсіпбекова түйежапырақ пен қалақайдан толық ыдырайтын экологиялық қағаз жасау жобасын әзірлеп, «Қазпатенттен» екі патент алды. Қазір жас зерттеуші жобаны коммерцияландыру бағытында жұмыс істеп жүр және емдік балшықтардың цифрлық картасын әзірлеп, Алакөл суын медицинада пайдалану мүмкіндігін зерттеп жатыр.

Астаналық оқушы өсімдіктен экологиялық қағаз жасап, патент алды
Фото: Зайна Жүсіпбекованың жеке мұрағатынан

Пластик пен ағаштан өндірілетін қағазға балама іздеу бүгінде әлемдік ғылымның маңызды бағыттарының біріне айналды. Осы мәселені назарға алған З. Жүсіпбекова түйежапырақ пен қалақай негізінде биологиялық тұрғыдан толық ыдырайтын экологиялық материал әзірлеуді қолға алған.

Жобаның ерекшелігі — материалдың бір ғана функциямен шектелмеуінде. Оны экологиялық қаптама ретінде пайдаланумен қатар, косметикалық бағытта да қолдануға болады. Атап айтқанда, табиғи тоник, бетке арналған маска, скраб, аппликациялық материал немесе шаш күтіміне арналған құрал ретінде пайдалану мүмкіндігі қарастырылған.

Қазіргі уақытта жас зерттеуші өсімдік негізіндегі шаш күтіміне арналған концентратты коммерцияландыру бағытындағы бизнес-жобасын дамытып келеді. Бұл бастама Павлодар өңірінің жетекші ғалымдарының қызығушылығын туғызып, бүгінде бірлескен зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Жобаның басты мақсаты — табиғи ресурстарды қалдықсыз пайдалану мен экологиялық қауіпсіз өнімдер жасау. Өсімдіктердің құрамындағы пайдалы компоненттерді тұрмыста және косметологияда қолдану мүмкіндіктерін зерттеп келемін, — дейді Зайна Жүсіпбекова.

Астаналық оқушы өсімдіктен экологиялық қағаз жасап, патент алды
Фото: Зайна Жүсіпбекованың жеке мұрағатынан

Экология мен биотехнология бағытындағы ізденістермен қатар, жас зерттеуші Қазақстандағы емдік балшық қорларын ғылыми тұрғыда жүйелеуге арналған жобаны қолға алған.

Ол Қостанай, Ақмола және Павлодар облыстарындағы толық зерттелмеген емдік балшықтардың физика-химиялық және бальнеологиялық қасиеттерін зерделеп, еліміздегі барлық емдік балшық кен орындарын қамтитын цифрлық ақпараттық платформа әзірлеуді жоспарлап отыр. Интерактивті картада әрбір кен орнының химиялық құрамы, емдік қасиеттері, қолдану көрсеткіштері мен қарсы көрсетілімдері ғылыми деректер негізінде ұсынылады.

Бұған дейін Зайна Жүсіпбекованың алғашқы ғылыми ізденістері Алакөл көлінің минералды суын зерттеуден басталған еді. Ол көл суының физика-химиялық құрамын талдап, арнайы тазарту технологиялары қолданылған жағдайда мұрын қуысын шаюға арналған назальды ерітінді өндіруге пайдалануға болатынын ғылыми негіздеп, ұсынысын Үкіметке жолдаған.
Денсаулық сақтау министрлігі ресми жауабында бастаманың өзектілігін атап өтіп, алайда медициналық препарат өндірісі үшін суды қосымша тазарту технологияларын әзірлеу қажеттігін мәлімдеген.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында ғылым саласын дамытуға баса назар аудару қажеттігін айтқан еді.

Сондай-ақ Қазақстан ғылымды басқарудың жаңа үлгісіне көшетінін жазғанбыз.