Қазақстан ғылымды басқарудың жаңа үлгісіне көшеді
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Премьер-министрінің орынбасары — мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен кеңесте Ғылымды стратегиялық дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы қаралды.
Құжатты Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы салалық мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және басқа да ұйымдармен бірлесіп әзірлеген.
Жоба ғылымды басқару жүйесін жетілдіру, кадрлық әлеуетті арттыру, салалық және өңірлік ғылымды дамыту, сондай-ақ біртұтас инновациялық экожүйе қалыптастыру бағыттарын қамтитын 72 іс-шарадан тұрады.
— Ғылыми қызметті басқару жүйесін жаңғыртуға айрықша мән берілген. Ұлттық ғылыми басымдықтарды айқындаудан бастап зерттеу нәтижелерін экономикаға енгізуге дейінгі барлық үдерісті қамтитын біртұтас басқару тетігін қалыптастыру ұсынылды. Ғылым саласын басқарудың жаңа үлгісінде басым бағыттарды төрт деңгей бойынша айқындау көзделеді. Бірінші деңгейге ұлттық қауіпсіздік пен технологиялық дербестік үшін аса маңызды стратегиялық жобалар жатады. Екінші деңгей технологиялық серпіліс жасауға әлеуеті бар перспективалы бағыттарды қамтиды. Үшінші деңгейге іргелі пәнаралық және инженерлік зерттеулер енгізіледі. Төртінші деңгей ғылыми кадрларды даярлауға, инфрақұрылымды дамытуға және зерттеулердің институционалдық негізін нығайтуға бағытталған, — деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Жоспарда ғылымның нақты экономикамен және өңірлермен байланысын күшейтуге де басымдық берілген. Ғылым қалалары мен ғылыми-технологиялық парктерді дамытудың кешенді үлгісін қалыптастыру ұсынылды.
Кеңес барысында Премьер-министрдің орынбасарына Инновацияларды дамыту тұжырымдамасының жобасы да таныстырылды.
Аида Балаева мемлекеттік қолдау тек ғылыми және практикалық құндылығы бар, өндіріске енгізу және коммерцияландыру мүмкіндігі нақты жобаларға ғана көрсетілуге тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар ғылыми жобаларды тексеру қорытындылары бойынша ашық есептілікті қамтамасыз ету, бюджет қаражатын қайтару, анықталған заң бұзушылықтарға жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту және нақты экономикаға қажетті перспективалы әзірлемелердің бірыңғай тізілімін қалыптастыру мәселелеріне назар аударды.
Сондай-ақ кеңесте Ұлттық ғылым академиясының негізгі бастамалары таныстырылды. Академия басқармасының президенті Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, мамандар ғылымның басым бағыттарын айқындаудың жаңа әдістемесін әзірлеген. Ол ғылыми күн тәртібін мемлекеттің стратегиялық міндеттері, экономиканың қажеттіліктері және әлемдік ғылыми-технологиялық үрдістер негізінде қалыптастыруды көздейді.
Академияның ғылымды стратегиялық дамыту жөніндегі кешенді жоспар жобасына енгізілген сегіз пәнаралық флагмандық ғылыми жобасын жүзеге асыруға да ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, Кореяның KISTI институтымен бірлесіп құрылған SilkNet орталығының жұмысы туралы баяндалды. Аталған орталық мемлекеттік ғылыми-технологиялық саясатты болжау мен сараптамалық тұрғыдан сүйемелдеудің негізгі алаңына айналмақ.
— Маңызды бағыттардың бірі — Қытай ғылым академиясымен бірлесіп жүзеге асырылатын DeepBas жобасы. Ол кеңістік пен уақыт деректеріне негізделген жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, су ресурстарын басқаруға бағытталған. Жобаны 2027 жылы еліміздің үш ірі су алабында пилоттық режимде іске қосып, кейін оның технологияларын басқа салаларға кеңінен енгізу жоспарланып отыр, — делінген хабарламада.
Кеңес қорытындысында Аида Балаева ғылымды дамыту және инновацияларды дамыту жоспарларын бір құжатқа біріктіруді, сондай-ақ оны талқылау барысында айтылған барлық тұжырымдамалық ескертулерді ескере отырып пысықтауды тапсырды.
Сонымен бірге Премьер-министрдің орынбасары ғылыми-зерттеу институттарын толық түгендеу, олардың кадрлық және ғылыми әлеуетін бағалау, сондай-ақ мүмкіндік бар жерлерде ғылыми инфрақұрылымды қалпына келтіру қажеттігін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда Каспий мәселелерін зерттейтін ғылыми филиал ашу ұсынылғанын хабарлағанбыз.