Астаналықтар үздік анимациялық туындыларды тегін тамашалай алады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Ұлттық анимациялық фильмдер апталығы басталды, деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.

Биыл 37 анимациялық фильм сценарийі қаралып жатыр
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Министрлік атап өткендей, іс-шара Республика күніне, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығына және Халықаралық анимация күніне орай ұйымдастырылды.

Ашылу рәсіміне еліміздің шығармашылық мамандықтарында оқитын студенттер, балалар мен ата-аналар, жас суретшілер және киносүйер қауым қатысты.

Аптаның алғашқы көрсетілімінде толықметражды «Алтын адам» анимациялық фильмі ұсынылды. Фильмде ерлік, рух және отаншылдық туралы оқиға баяндалады.

— Бес күн ішінде көрерменге қазақстандық аниматорлардың үздік туындылары көрсетіледі. Олардың ішінде «Мұзбалақ», «Ақсақ құлан», «Әмен аға ағашы» және басқа мульфильмдер бар, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, апталықтың мақсаты — ұлттық анимацияны насихаттау, жас авторларды қолдау және отандық мәдениетке қызығушылықты арттыру.

Барлық көрсетілім 20–24 қазан аралығында «Қазақстан» Орталық концерт залында (Мәңгілік ел даңғ., 10/1) өтеді. Кіру тегін. Сағат 16:00 басталады.

Бұдан бұрын Астанада «Ұлттық анимациялық фильмдер апталығы» өтетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар