Астаналықтар Олимпиада жұлдыздарын қарсылады
АСТАНА. 14 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін таң ата қала жұртшылығы Астананың халықаралық әуежайында Лондондағы Олимпиададан ең соңғы болып оралған біздің былғары қолғап шеберлеріміз Серік Сәпиевті, Әділбек Ниязымбетовті, Марина Вольнованы және Иван Дычконы қарсылады, деп хабарлады http://www.bestnews.kz/ жаңалықтар агенттігі.
Әуежайға жиналған журналистер мен жанкүйерлер Олимпиада жұлдыздарын қазақтың дәстүрлі шашуымен қарсы алып, «Жарайсыңдар!» деген жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Еске сала кетейік, Ойындардың соңғы күні Қазақстанның бокстан олимпиадалық құрамасының капитаны Серік Сәпиев 69 келі салмақта алтын медальді жеңіп алды. Әділбек Ниязымбетов 81 келіге дейінгі салмақта күміс жүлдегер атанды. Иван Дычко аса ауыр салмақта (91 келіден жоғары) қола медальға қол жеткізді.
Тағы бір қола наградаға 75 салмаққа дейінгі санатта боксшы қызымыз Марина Вольнова ие болды. Әйелдер боксы оимпиадалық ойындар бағдарламасына биыл тұңғыш рет қосылған болатын. Қазақстандық Вольнованың алғашқы адымы Олимпиада тұғырына шығуымен жарқын сәттердің бірі болды.
Боскшыларды салтанатқа қатысушылар ғана емес көптеген жолаушылар, қарсы алушылар мен шығарып салушылар да кідіріп, олимпиада жұлдыздарын өз көздерімен көруге ұмтылды. Ұшып келу залында оларды жұртшылық құшақ-құшақ гүлдермен қарсы алды, суретке түсіріп жатты. Олардың арасында Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов және басқа да ресми адамдар болды. Барлық жерде «Динамо» мен ЦСКА спорт қоғамдарының рәміздері көзге ұшырасады. Ол түсінікті де. Серік Сәпиев ҚР қорғаныс министрлігінің қатарында ЦСКА командасында қызмет етеді. Марина Вольнова «Динамо» мүшесі.
Спортшылар әуежай залдарының бірінде шағын баспасөз мәслихатын өткізгеннен кейін лимузинмен орталыққа тартты. Олар бұл құрметке әбден лайық!