Астананың елорда атанғанына - 13 жыл
АНА. 10 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін, 10 желтоқсан күні Астананың Қазақстанның елордасы атанғанына 13 жыл толды. Астана - елдің кіндігінде, күре жолдардың қиылысында орналасқан Қазақстанның бас қаласы. Астананың аумағы 710,2 шаршы шақырым. 1994 жылы ҚР Парламентінің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмолаға (бұрынғы Целиноград) көшіру туралы ұсыныс жасады.
1998 жылы 6 мамырда Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді. 1998 жылы 10 маусымда жаңа елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімі өтті. 2006 жылға дейін Астана күні 10 маусым күні аталып келді. Кейін қалалық мәслихаттың шешімімен дата 6 маусымға ауыстырылды. Ал 2008 жылы мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілді.
Бүгінгі күні Астана елдің ішкі және сыртқы саяси, әлеуметтік, экономикалық мәселелері талқыланатын диалог алаңына айналды. Соңғы үш жылда бас шаһарда бірқатар мемлекеттердің, атап айтқанда - Украина, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Біріккен Араб Әмірліктері, Германия, Латвия, Корей, Израиль, Татарстан, Қытай, Словакия, Франция, Қатардың басшылары және Әбу Даби әмірлігінің ханзадасы ресми сапармен болды.
2003 жылы Астанада дүниежүзінде тұңғыш рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының І Съезі өтті. Съезді АҚШ, Ресей, Франция, Иран, Мысыр мемлекеттерінің президенттері, Сауд Арабиясының Королі және тағы басқалар қызу қолдап, құттықтау хаттарын жолдады. Кезекті IV Съезді дәстүр бойынша Астанада 2012 жылы өткізу көзделіп отыр.
Астанада сондай-ақ, 1995 жылы Қазақстан Президентінің Жарлығына сәйкес Елбасы жанында консультативтік-кеңесші орган ретінде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының отырыстары тұрақты түрде өткізіліп келеді. 2008 жылы Елбасы Ассамблеяны елдің саяси жүйесінің толыққанды субъектісі ететін және оның қызметінің нормативтік-құқықтық негіздерін айқындайтын «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға қол қойды. 2010 жылы Ассамблеяның XVI сессиясы өтті.
Қазір елордада 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүреді. Конституцияға сәйкес, олардың барлығына ұлт ерекшелігіне қарамастан өз тілінде білім алуға және діни, наным-сенім бостандықтарына жағдайлар жасалған. Қаланың сол жағалауында бой көтерген «Нұр Астана» мешіті (10 мың адамға лайықталған) Орталық Азиядағы ең ірі мешіттердің бірі саналады. Қазір сәулеттік дизайны бірегей «Хазіреті Сұлтан» атындағы мешіттің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ қалада Қазақстандағы және Орталық Азиядағы ең үлкен синагога - «Бейт Рахель - Хаббад Любавич», Успен кафедралды шіркеуі, Свято-Вознесенский кафедралды шіркеуі жұмыс істейді. Ал Құдай Ананың үздіксіз көмегінің кафедралды шіркеуінде өзінің Қазақстанға сапары барысында Рим папасы Иоанн Павел II болды.
Астанада Қазақстан Республикасында аккредиттелген 53 елдің дипломатиялық миссилары орналасқан. 306 үкіметтік емес ұйым мен діни бірлестіктер жұмыс істейді.
Жаңа астананың жаңа келбетін қалыптастыруға әлемнің 71 қаласы атсалысты, құрылысына отандық және шетелдік 432 компания жұмылдырылды, 135 зауыт құрылыс материалдарымен қамтамасыз етті. Жыл сайын 60-тан 100-ге дейін орташа және ірі нысандар іске қосылып келді және қосылып отыр. Астана қаласының бас жоспарын Президент Н.Назарбаевтың қаланың келбетін еуропаландыру идеясын негізге ала отырып, жапондық сәулетші Кише Курокава (Kisho Kurokawa) жасады. Бірқатар ғимараттар британдық сәулетші Норман Фостердің идеялары негізінде салынды. 1999 жылы қала Юнесконың «Ең үздік қала» сыйлығына ие болды. 2003 жылы Moody's Investors Service әлемдік рейтингтік агенттіктің жақсы бағасын алды.
Бүгінде Астанада әлемдегі ең үздік 30 қаланың қатарына енуіне барлық негіздер жеткілікті. Бүгінде елордамызды Мәскеу, Минск, Киев, Кишинев, Ташкент, Рига, Тбилиси, Баку, Каир, Исламабад, Берлин, Будапешт, Варшава, Вильнюс, Анкара, Гданьск, (Польша), Ушак (Түркия), Бангкок (Таиланд), Сеул (Корей Республикасы), Амман (Иордания Хашимиттік Корольдігі) секілді әлемнің жиырма қаласымен достық және бауырластық қарым-қатынастар тығыз байланыстырады. 2000 жылдан бастап, Қазақстан елордасы Астана Мәскеу, Минск, Бішкек және тағы да басқа ЕурАзЭҚ-тың ірі қалалары мүшелік ететін, әлеуметтік және іскерлік қатынас саласында беделді ұйым болып табылатын Астаналар мен ірі қалалар халықаралық Ассемблеясына (ХҚА) мүше болды.
Қала тұрғындарының саны 1997 жылы - 250 мың адам болды, 2009 жылы - 678 мың тұрғынды құрады.
Астананың қазіргі күнгі ең биік ғимараттары - «Бәйтерек» монументі (105 метр), «Гранд Алатау» тұрғын үй кешені (130 м), «Солтүстік шұғыла» ТК (150 м), «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық кешені (150 м), «Астана ғажайыбы» әкімшілік тұрғын үй кешені (152 м), Көлік және коммуникация министрлігінің ғимараты (155 м), «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының ғимараты (200 м), Әбу-Дәби Плаза кешені (жоба - 382 м).
Қалада 82 туристік компания жұмыс істейді. «Бес», «төрт» және «үш» жұлдызды санаттағыларды қоса есептегенде барлығы 145 қонақ үйі бар.
Жаңа елорда Қазақстанның білімі, ғылымы мен мәдениетінің ошағына айналуға негізделген. Мұнда Ұлттық ғылым академиясының бөлімдері, 13 жоғары оқу орны, 32 колледж, 90-нан астам мектеп жұмыс істейді, сондай-ақ Ұлттық кітапхана, Ұлттық мұрағат, Ұлттық мұражай, заманауи арт-галереялар орналасқан.
2010 жылы әлемнің 30 үздік университеттерімен ынтымақтаса отырып медициналық, альтернативті энергетика және халықаралық инжиниринг салалары бойынша еуропалық стандарға сай білім беретін «Назарбаев университеті» іске қосылып, мемлекеттік грант бойынша алғашқы 500 студентін қабылдады.
Сондай-ақ осы жылдың 1-2 желтоқсанында Астанада Қазақстанның беделді халықаралық ұйым - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы аясында, Ұйымға қатысушы мемлекеттердің (70-тен астам) жоғарғы деңгейдегі Саммиті өтті. Оның нәтижесі бойынша Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістіктерде біртұтас қауіпсіздік белдеуін құруға мақсатталған Астана декларациясы қабылданды.
Ал 2011 жылдың қаңтарында елорда 7-Қысқы Азия ойындарына қатысушы 30-дан астам елдің спортшыларын қабылдайды. Ойындарға жаңадан салынған Республикалық велотрек, Жабық коньки тебу стадионы, «Астана-Арена» жабық стадионы (30 мың орын), «Қазақстан» спорт кешені қатыстырылады.