13:31, 26 Ақпан 2010 | GMT +5
Астананың Орталық саябағында Ванкувер Олимпиадасындағы Қазақстан құрамасының көрсеткішіне арналған шаңғы жарысы өтеді
АСТАНА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Мәдина Шәріпова/ - Сенбі, ақпанның 27-сі күні елорданың Орталық саябағында қазақстандық құраманың Ванкувер Олимпиадасындағы сәтті өнер көрсетуіне арналған шаңғы жарысы өтеді,
деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметінен.
Жарысқа министрлік пен оның ведомстволық бөлімдерінің барлық қызметкерлері қатысады. Осылайша ведомство басшылығы халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау ісінде өздері үлгі көрсетпек.
Шараны ұйымдастырушылар қысқы мерекеге қала тұрғындарын да белсенді атсалысуға шақыруда. Жарысқа қатысушылар шаңғы базасында 10.45-те жиналулары керек. Шаңғы тегін беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, Ванкувер Олимпиадасында қазақстандық биатлоншы Елена Хрусталева 15 шақырымға жеке жарысқа күміс медаль жеңіп алды. Бұл Қазақстан қоржынындағы әзірге жалғыз медаль. Біздің құрама жалпыкомандалық есепте 25-ші орында тұр.