Астананың жаңа темір жол вокзалы алғашқы жолаушыларын 1 маусымда қарсы алады
«Мамыр айының екінші онкүндігінде, нақты айтар болсам, 15-інде екі нысанның да құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Одан кейін он күн бойы тестік сынақ жүргізіледі. Жаңа темір жол вокзалы мен әуежайдың жаңа терминалында алғашқы жолаушыларды маусымның бірінде қарсы аламыз», - деді Жеңіс Қасымбек.
Айта кетейік, 7 қабатты жаңа вокзалдың жабық ғимаратына бір мезгілде 6 пойыз қатарынан кіре алады. Тәулігіне 35 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы ғимарат 26 жедел сатымен, 52 эскалатормен жабдықталған.
Ал Астана әуежайы жаңа терминалының жалпы ауданы 47 мың шаршы метр. Бұл терминал пайдалануға берілгеннен кейін әуежайдың жолаушылар өткізу қабілеттілігі жылына 8,2 миллионға дейін артады немесе сағатына 2,5 мың адамды құрайтын болады.
Бұл нысандар 10 маусымда басталып, 10 қыркүйекке дейін созылатын ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында пайдалануға берілгелі отыр. Аталған көрмеге 2 миллионнан астам адам келеді деп күтілуде. Олар көрмені кемінде екі рет аралайды деп жоспарланған. Жалпы көрмені тамашалаушылардың 85 пайызын Қазақстан азаматтары, ал қалған 15 пайызын шетелдіктер құрайды. Шетелдіктердің басым бөлігі ТМД елдерінің және Қытайдың азаматтары болады деп күтілуде. Қазіргі уақытта 112 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым ЭКСПО көрмесіне қатысатындығын ресми түрде растады.