Астық және күнбағыс майының экспорты: Қазақстан–Иран саудасын дамыту мәселелері қаралды
АСТАНА. KAZINFORM — Мәскеуге жұмыс сапары аясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Иранның Ауыл шаруашылығы жихады министрі Голамреза Нури Гезелдже мырзамен келіссөздер жүргізді. Кездесуге ирандық ірі компаниялардың басшылары да қатысты. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
Тараптар сауданы кеңейту, кооперацияны тереңдету және агроөнеркәсіптік кешендегі бірлескен жобаларды іске асыру келешегін талқылады.
Айдарбек Сапаровтың айтуынша, 2023 жылы тауар айналымы төмендегеннен кейін ирандық тараппен белсенді ынтымақтастықтың арқасында елеулі өсімге қол жеткізілді.
Осылайша, 2023 жылы тауар айналымы 165,2 млн долларға дейін қысқарды, бидай жеткізу сегіз еседен астам азайды, ал арпа экспорты екі есе төмендеді. Өткен жылы жағдай айтарлықтай жақсарды. Мәселен, сауда көлемі 220 млн долларға жетіп, арпа экспорты үш есе өсті.
Қарқынды өсу биыл да сақталды. Тоғыз айда тауар айналымы 249,1 млн доллар болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге артты. Арпа экспорты 4,6 есеге көбейіп, бидай жеткізу көлемі де ұлғайды.
— Екі ел арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасы тұрақты өсімге ие. Біз Иранмен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделіміз. Аграрлық секторда өсімнің әлеуеті өте жоғары, біз тауар айналымын арттыруға дайынбыз, — деді Айдарбек Сапаров.
Иран қазақстандық астықтың негізгі нарықтарының бірі болып қала береді. Маркетингтік жыл ішінде (2024 ж. қыркүйек — 2025 ж. тамыз) елге 1 млн тоннадан астам астық жеткізілді, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 86 мың тонна болған. Ағымдағы жылдың 9 айында экспорт 855,2 мың тоннаға жетіп, 169,7 млн долларды құрады.
Астық ауыстырып тиеу көлемінің артуына Амирабад портының «Амирабад Грейн Терминал Киш» терминалы елеулі үлес қосты. Осы жылдың 10 айында аталған терминал арқылы 161 мың тонна арпа мен бидай жөнелтілді.
Кездесуде күнбағыс майының экспортын кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Өткен жылы Иранға 5,9 мың тонна жіберілді, ал қазақстандық қайта өңдеушілер жылына 500 мың тоннаға дейін ұлғайтуға дайын. Бұл маңызды қадамға Құрық және Ақтау порттарында май құю терминалдарын салу арқылы қол жеткізуге болады. Бұл өткізу қабілетін арттырып, логистиканы оңтайландыруға жол ашады.
Тараптар инвестициялық әріптестікті дамыту мәселесіне де баса назар аударды. Қазақстанда «Империя Фуд» және «Kaz-Ir Agro» бірлескен кәсіпорындары табысты жұмыс істеп келеді. Алматы облысында жылына 200 мың тонна ірімшік өндіретін қайта өңдеу кешенін салу, сондай-ақ картоп өңдеу және балалар тағамын шығару жобалары бойынша Solico Group компаниясымен келіссөздер жалғасып жатыр.
Kourosh Food Industry майлы дақылдарды қайта өңдеу, құс шаруашылығын дамыту және логистикалық нысандар салу бағытында кәсіпорындар құруға қызығушылық танытты.
Өз кезегінде Голамреза Нури Гезелдже Иранның ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін атап өтті.
— Бүгінде Иран 25 млн тоннадан астам өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін импорттайды. Біз Қазақстанмен тауар айналымын екі есе арттыруға мүдделіміз. Сондай-ақ Иранды үшінші елдерге арналған транзиттік алаң ретінде пайдалануды ұсынамыз және осы үшін барлық қажетті жағдайды жасауға дайынбыз, — деді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар белсенді әріптестікті жалғастырып, АӨК саласында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту ниеттерін жеткізді. Ынтымақтастықтың барлық перспективалық бағыттары ауыл шаруашылығы саласындағы Қазақстан–Иран жұмыс тобы аясында егжей-тегжейлі қарастырылатын болады.
Айта кетелік Түркияға шамамен 227 мың тонна қазақстандық жасымық экспортталды.