Астраханда өткен Құрманғазының 190 жылдығы мерекесіне батысқазақстандықтар да қатысып қайтты

ОРАЛ. 3 маусым. ҚазАқпарат - 30-31 мамыр күндері Батыс Қазақстанмен көршілес Астрахан қаласында күй атасы Құрманғазы Сағырбаевтың 190 жылдығы халықаралық көлемде тойланды.
None
None

Оған қазақстандық делегация құрамында БҚО атынан «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллин, Құрманғазы атындағы музыка колледжінің директоры Нұржан Сертеков және Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Меңешов бастаған аталмыш ауданның бір топ өкілдері қатысып қайтты.

Ұлы күйшіні ұлықтауға арналған ресми шаралардың легі Астрахан облысының губернаторы Александр Жилкиннің өз резиденциясында Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев бастап барған қазақстандық қонақтарды қабылдауынан басталды.

Қабылдау барысында губернатор қазақ халқының даңқты перзенті Құрманғазы Сағырбаев, сондай-ақ Бөкей хан, Сейіт баба секілді ұлы тұлғалардың Астрахан облысының аймағына жерленгендігін шынайы мақтаныш тұтатындықтарын, мұның көршілес екі ел арасындағы достықты рухани жағынан күшейте түсетіндігін жеткізді.

Қабылдаудан соң губернатордың қатысуымен екі елдің өкілдері Астрахан қаласының орталығында орналасқан күйші баба ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

А.Жилкиннің айтуынша, мерейтойы аталып отырған күйші Құрманғазы Сағырбаев - қазақ халқына ғана емес, екі елге де ортақ ұлы тұлға. Өйткені оның тамаша туындылары дәл осы далада туғаны астрахандықтар үшін зор мақтаныш. «Сол үшін де қазақ күйшісінің алдында басымызды иеміз. 2008 жылы қаламыздың орталығынан Құрманғазы Сағырбаев ескерткішін орнатуымыз - осы сөзіміздің айғағы. Бұл біздің көршіміз қазақ еліне және оның дарынды перзентіне деген ерекше ықыласымыз», - деді Астрахан облысының губернаторы.

Дәл осы күні кешкісін Астрахан қаласындағы опера және балет театрында Алматы қаласынан келген Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық оркестрінің концерті болды. Концерт шымылдығын губернатор Александр Жилкин құттықтау лебізімен ашты. Мұнан кейін қазақстандық делегацияның басшысы, Атырау облысы әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев күйші бабаның туғанына 190 жыл толуын Астрахан облысында атап өтуге ұйытқы болған Астрахан аймақтық «Жолдастық» қазақ мәдениеті қоғамдық мекемесінің төрағасы Ахмет Жаркеновке Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан «Джип» автокөлігінің кілтін табыс етті. Кеш барысында оркестр орындауындағы Құрманғазының «Серпер», «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлері, Ахмет Жұбановтың «Қазақ маршы», Тәттімбеттің «Саржайлауы», Тұяқберді Шәмеловтің «Ақжелеңі», халықаралық конкурстардың лауреаты Ардақ Итекееваның жеке орындауындағы Ықыластың «Аққуы», сондай-ақ ұлттық аспаптар сүйемелдеуімен айтылған Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас», Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» әндері Астрахандағы зал толы көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Аталмыш оркестр концертіне ұласқан Астрахан мемлекеттік ән-би ансамблі өнерпаздарының кеші де жиылған жұртты жағымды әсерге бөледі.

Ертеңіне астрахандықтар қонақтарды Володар ауданындағы Алтынжар ауылында жерленген күйші баба кесенесіне бастап жүрді. Онда жұртшылық ұлы күйшінің зиратына тәу етіп, сол жерге жақын орналасқан Құрманғазы атындағы аймақтық мәдени орталығымен танысып, жергілікті өнерпаздардың далалық сахнада көрсеткен өнерлерін тамашалады. Мұнда Құрманғазы Сағырбаев музейі, келушілерге арнайы қонақүй және музыка мектебі салынған. Осы жерден қонақтарды аттандырып саларда арнап тігілген ақшаңқан киіз үйлерде оларға құрмет көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар