Ата-ана қандай жағдайда балабақша ваучерінен айырылуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде ата-ана балабақша ваучерін белгіленген уақытта растамаса, оның өтініші уақытша тоқтатылады. Алайда оны 28 күнтізбелік күн ішінде бір рет қайта қалпына келтіруге болады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің сауалына ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Гүлнара Искакова мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, ваучер алған ата-ана оны 2 жұмыс күні ішінде растауы қажет. Бұдан кейін 5 жұмыс күні ішінде мектепке дейінгі ұйымды таңдап, шартқа қол қоюы керек.
– Ваучер расталмаған жағдайда өтініштің мәртебесі «белсенді емеске» ауысады және оны 28 күнтізбелік күн ішінде бір рет қалпына келтіруге болады. Ваучерден бас тартылған жағдайда кезектегі өтініш жойылады, – деді спикер.
Ваучерді сақтап қалу үшін баланың балабақшаға қатысуын растау тәртібін де ескеру қажет. Егер мектепке дейінгі ұйымда қатысуды автоматты есепке алатын электронды жүйе болмаса, ата-ана баланың балабақшаға қатысу табелін келесі айдың 1-і мен 10-ы аралығында ЭЦҚ арқылы растауы қажет
– Белгіленген мерзімде табель расталмаса, ол автоматты түрде расталған болып есептеледі. Бірақ мұндай мүмкіндік қатарынан екі айдан артық берілмейді. Ал екі айдан артық табельді растамаған жағдайда, ваучер жойылады, - деді департамент директоры.
Ал баланың қатысуын автоматты түрде есепке алатын жүйе қолданылатын балабақшаларда ата-анадан табельді күн сайын растау талап етілмейді.
Қазір ваучерлік қаржыландыру пилоты 20 қала мен 23 аудандағы шамамен 6 мың мектепке дейінгі ұйымда іске асырылып жатыр. Жоба аясында 1,2 млн-нан астам ваучер берілген.
Айта кетейік, бұған дейін ваучерлік жүйенің арқасында балабақша кезегі 85%-дан астамға қысқарғаны хабарланды.