Ата-анаға алимент: сот нені ескереді және бала қашан төлеуге міндетті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ата-ана баласынан алимент өндіре алады. Ол үшін өзі де жас кезінде баласына қамқор болуы тиіс. Іс Неке және отбасы туралы кодекс аясында қаралады. Сот шешім шығарған кезде тек қариялардың емес, кәмелетке толған балалардың да әлеуметтік жағдайын ескереді. Kazinform тілшісі сот істері мен талаптар уәжін тыңдады.
Қыз әкесіне қарыз емес
Балқаш қаласының тұрғыны қызын сотқа беріп, одан ай сайын 10 АЕК, яғни, 43 250 теңге өндіруді сұрады. Уәжі - тұрмыстық қажеттілік пен дәрі-дәрмек шығыны. Сот істі ҚР Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекс аясында қарады. Яғни, ата-ана мұқтаж болса кәмелетке толған бала оған көмек көрсетуі тиіс.
- Қарағанды облысының Балқаш қалалық соты талап қоюшының ай сайын 128 229 теңге көлемінде зейнетақы алатынын, сондай-ақ оның екі қабатты тұрғын үйі мен Mitsubishi Montero Sport автокөлігі бар екенін анықтаған. Қызы екі баланы өзі тәрбиелеп отырғанын, олардың әкесінен алимент алмайтынын және сатушының көмекшісі болып жұмыс істеп, айына 85 мың теңге жалақы алатынын айтты. Сонымен қатар талап қоюшыға ұлының материалдық көмек көрсететіні анықталды. Сот талап қоюды қанағаттандыруға негіз жоқ деген қорытындыға келген. Сот шешіміне шағым берілмеген және ол заңды күшіне енген,- деп хабарлады Жоғарғы сот.
Әкесі мен қызы бір-бірін түсіне алмай, реніш соңы сотқа ұласқан. Сотта талап қоюдың негізгі себебі осы деп танылды.
Бала анасына қарыз
Ата-ананың кәмелет жасқа толған баладан алимент өндіру ісі әр өңірде, әр қалада болады.
Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл дәл осындай 6 іс түсті. Шешім шыққан істің бірінде сот баланы анасына қамқор болуға міндеттеді.
- ҚР Конституциясының 27-бабына сәйкес мемлекет отбасын, ана мен әкені және баланы қорғауды кепіл етеді. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-аналарына қамқорлық жасауға міндетті. Ақтөбе қалалық сотында алимент өндіру ісі қаралды. Талап қоюшы зейнеткерлік жасқа жеткен, жұмыс істемейді және қант диабеті диагнозымен есепте тұр. Денсаулық жағдайы мен жасына байланысты қосымша табыс табу мүмкіндігі жоқ. Ол материалдық көмекке мұқтаж екенін көрсетіп, алимент өндіруді сұрады. Іс бойынша анықталған мән-жайларды, сондай-ақ тараптардың материалдық және отбасылық жағдайын ескере отырып, сот талап қоюды ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылдады. Сот шешімінің алимент өндіру бөлігіндегі орындалуы дереу жүзеге асырылады. Сот актісіне шағым келтірілмеген, заңды күшіне енген жоқ,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.
Заң талабы
Сот шешімінен соң іс сот орындаушыларына түседі. Ақтөбе облысының жеке сот орындаушысы Алмас Кулшановтың айтуынша, қазір өндірісте 15 іс бар. Балалар жалақысының бір бөлігін ата-анасына аударып отыр. Өндіру ісінде де еш қиындық тіркелмеген. Себебі бүгінде кәмелет жасқа толған балалар жұмыс істейді, табысының белгілі бір бөлігін беріп отырады.
- Кәмелет жасқа толған, жұмысқа қабілетті азамат еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж ата-анасын асырауға және оларға қамқорлық жасауға міндетті. Алимент сот тәртібімен өндіріледі және оны баланың әрқайсысынан өндіруге болады. Сот ата-ана мен балалардың материалдық және отбасылық жағдайын ескереді және айлық есептік көрсеткішпен есептеледі. Егер сотта ата-ананың өздері де міндетін орындамағаны анықталса, талап арыз қанағаттандырылмауы мүмкін,- деді сот орындаушысы Алмас Кулшанов.
ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодекстің 145-бабы дәл осы істі қарайды. Яғни, кәмелетке толған балалардың ата-аналарын күтіп-бағу жөніндегі міндеттері жазулы тұр. Шынында да кәмелетке толған бала ата-анасына қамқор болуға міндетті. Баланы асырап баққан адамдар да алимент өндіре алады. Тек бұған дейін ата-ана құқығынан айырылғандар баласынан ештеңе де өндіре алмайды.
Ал Кодекстің 146-бабында кәмелетке толған балалардың ата-аналарына жасалған қосымша шығыстарға қатысуы туралы жазылған. Егер ата-анасы науқас болса, күтуші көмегіне жүгінсе, емге ақша қажет болса, қаржылай көмек көрсетуге міндеттелуі мүмкін. Шығысты көтеру, яғни, ақша аудару талабы Кодекстің 145-бабы аясында атқарылады. Демек кәмелетке толған баланың да әлеуметтік, қаржылық жағдайы ескеріледі. Екі ара шығысты есептей алмаса, ортақ келісімге келмесе, сот нақты шешім шығарады.
Қоғам пікірі
Ұзақ жылдар бойы екі тарапты татуластырып, медиатор болып жүрген ақтөбелік Бибігүл Әбдішүкірованың айтуынша, адам тағдыры әртүрлі және көбіне ата-ананың бірі ғана сотқа шағым түсіреді.
- Жалғызбасты ана баласын бағып-қағып, оқытып, көмек береді. Ал өскен бала кейін бәрін ұмытып, анасына қарамай кетеді. Бір іс есімде. Ақтөбе қаласының саяжай аумағында тұратын қария от жағып, жан бақты. Ал баласы мен келіні қарамады, немерелерін көрсетпеді. Іс медиаторларға түсіп, екі арада келісім жүрді. Анасы «ең құрығанда отын тасып, су әкеліп берсін» деп сұрады. Арада бір жыл өткенде қария қайта көмек сұрады. Ол кезде инсульт алған, денсаулығы сыр берген еді,- деді Бибігүл Әбдішүкірова.
Оның айтуынша, отбасылық істе екі тарап та бір-бірін мейлінше терең түсінуі тиіс. Баспанасы бар, денсаулығы жақсы қария зейнетақысын алып отырса, талап орынсыз. Себебі баласының да баласы бар, отбасын асырауы тиіс.
- Біздің қарттарымыз қараусыз қалып жатқан жоқ. Оларға тек көңіл жетіспейді. Бала ата-анасының көңілін аулап, жылы сөйлесе, жағдайын біліп отырса, араздық болмас еді. «Маған бір күн көңіл бөлсе, батамды берер едім» дейді олар. Баласы мен келіні, қызы мен күйеуі баласы соны түсінуі тиіс.Ашуға беріліп, іс сотқа түседі. Бірақ ол көп емес, сирек. Неге іс сотқа түседі? Адам қартайған кезде ұйқысы қашады, тамаққа тәбеті болмайды. Әңгіме айтып, шер тарқатқысы келеді. Ал оны тыңдайтын адам табылмайды. Жылап отырып айтатыны осы,- деді ол.
Жас кезінде ішімдікке салынып, баласына тәрбие бере алмаған ата-анаға тек жүрегі кең жан көмек көрсете алады. Олар ата-анасын кешіреді, қол ұшын созады. Шәкәрім Құдайбердіұлының «ата-ана біліксіз балаға жапа» сөзін мысалға келтірген медиатор бүгінгі күннің тренді ертең алдынан шығатынын да ескертті.
- Әлеуметтік желі ашық, бәрі өз ойын айтады. Бірақ кейбір әйелдердің аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Ертең олардың балалары қасірет шегуі мүмкін. Үш жастағы бала 30 жылдан соң соны көріп, қиындыққа тап болады. Баласы құрдастарының, достарының жанында өзін жайсыз сезініп, шет қалады, жаман ортаға түседі. Соны ойланса екен деймін. Қорыта айтсам, ата-ана қандай болса да баласының оған қамқор болғаны жақсы. Әкеге, анаға берілген ең үлкен көмек – көңіл. Ата-ананың батасын алған бала өседі,- деді ол.
Ал жалғызбасты қарияларға, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп жүрген Нұрбек Жалғасбаевтың айтуынша, баласын бақпаған ата-ананың қартайған шағында көмек сұрауы орынсыз.
- Қалада жалғысбасты қария көп. Біз жыл сайын олардың ауласындағы қарын шығарып, үйін жинап береміз, азық-түлік тасимыз. Шын мәнінде балалары бар, бірақ өзге өңірде, тіпті өзге елде тұрады. Бұл көңілге қаяу түсіретін жағдай. Бала ата-анасына көмек көрсетуі тиіс. Осы кезде алимент өндіріп алғаны дұрыс деп есептеймін. Ал егер жас кезінде өзі ішімдікке салынып, бала тәрбиесіне араласпаған болса алимент өндіруді құптамаймын. Өзі қамқор болмаса баласынан не күтеді? Ойым осы,- деді ерікті.
Бүгінде Ақтөбедегі қарттар үйінде 200-ден астам тұрғын бар. Орталықтың хабарлауынша, олар баласынан алимент өндіру туралы өтініш түсірмеген.
Елімізде 12 мың ересек адамның баласына алимент қарызы бар. Оның сомасы 18 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл туралы Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков айтты.