Ата-бабамыз сүйегі үгітілген адамды аяққа тұрғызған – Ақжарқын Дәулетұлы

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлдық дәрігер, ине терапевті Ақжарқын Дәулетұлы өзіміздің ұлттық медицинаның артықшылығы ұмытылып бара жатқанын айтады. Маман әңгіме барысында шығыс медицинасының ерекшеліктеріне де тоқталды.

Ақжарқын Дәулетұлы
Фото: Ақжарқын Дәулетұлының жеке мұрағатынан

- Шығыс медицинасымен айналысқаныңызға көп болды ма ?

- Мен Моңғолия елінде, Баян Өлгей аймағында дүниеге келгенмін. 1991 жылы ата-анам Қазақстанға тарихи Отанға қоныс аударды. Қазіргі Жетісу облысы Балпық би ауданы Жарлыөзек ауылдық округінде мектепті тамамдадым. Қытай халық республикасында медакадемияда білім алдым. Ине терапевт-дәрігері болып жұмыс істеп жатқаныма биыл 14 жыл болады.

- Шығыс медицинасы деген не, оның дәстүрлі медицинадан басты айырмашылығы неде ?

Ақжарқын Дәулетұлы
Фото: Ақжарқын Дәулетұлының жеке архивінен

- Дәстүрлі медицина мен Шығыс медицинасының негізгі айырмашылығы - олардың көзқарастары, емдеу тәсілдері және қолданылатын әдістерінде жатыр. Алдымен негізгі көзқарас және философиясына тоқталайын: дәстүрлі медицина (Батыс медицинасы) – ауруды биологиялық, химиялық және физиологиялық тұрғыдан зерттейді. Ол ғылыми дәлелдерге негізделген, аурудың себебін анықтап, нақты диагноз қояды және ауру белгілерін басу немесе жою үшін дәрі-дәрмектер мен хирургиялық әдістерді қолданады. Ал Шығыс медицинасы – адамды тұтас қарастырады. Ол ағзаның энергетикалық балансы, yin-yang үйлесімділігі, qi (ци) энергиясының ағыны сияқты ұғымдарға сүйенеді. Бұл медицина аурудың түпкі себебін табуға және табиғи емдеу әдістерін қолдануға бағытталған.

Диагностика әдістері де ерекшеленеді. Дәстүрлі медицинада диагноз зертханалық анализдер, рентген, УДЗ, КТ және МРТ сияқты аппараттық зерттеулер арқылы қойылады. Шығыс медицинасы жүрек қағысы диагностикасы, тілдің жағдайын талдау, бет әлпетіне қарап анықтау сияқты әдістерді қолданады.

Ал емдеу тәсілдеріне келер болсақ - дәстүрлі медицина негізінен дәрі-дәрмек, антибиотиктер, гормоналды терапия, хирургия және физиотерапияны қолданады.

Шығыс медицинасы табиғи әдістерге сүйенеді, олар: ине терапиясы (акупунктура) – денедегі арнайы нүктелерді ине қою арқылы емдеу.

Хиджама (қан алу терапиясы) – денеден токсиндерді шығару арқылы ағзаны сауықтыру.

Сүлікпен емдеу – биологиялық белсенді заттардың әсерімен қан айналымын жақсарту.

Шөппен емдеу (фитотерапия) – дәрілік өсімдіктер арқылы ағзаның өзіндік қалпына келуін ынталандыру.

Цигун және йога – тыныс алу және қозғалыс арқылы ағзаны реттеу.

Алдын алу және өмір салтымен де ерекшеленеді. Мысалы, дәстүрлі медицина профилактикалық тексерулерді қолдайды, бірақ көбінесе ауру пайда болған кезде ғана емдейді.

Шығыс медицинасы алдын алу шараларын күшейтеді, дұрыс тамақтану, эмоциялық теңгерімді сақтау, табиғи өмір салтын ұстануды ұсынады.

- Шығыс медицинасының мың жылдық тарихы бар екені белгілі, алайда ол қазіргідей технология дамыған жағдайда бәсекеге қабілетті ме ?

Ақжарқын Дәулетұлы
Фото: Ақжарқын Дәулетұлының жеке архивінен

- Олар бәсеке емес, бір-бірін толықтыруы тиіс. Екі медицина жүйесінің де өз артықшылықтары бар. Дәстүрлі медицина жедел жағдайларда, мәселен жүрек ұстамасы, хирургиялық оталарда тиімді, ал Шығыс медицинасы созылмалы ауруларды емдеуде және алдын алуда пайдалы. Сондықтан қазіргі таңда көптеген мамандар интеграцияланған тәсілді қолданып, екі жүйенің де артықшылықтарын біріктіруге тырысады.

- Бір жылдары хиджама жасату сәнге айналған еді. Хиджама қандай ауруларға сеп ?

- Денсаулығын бірінші орынға қоятын адамдар жеткілікті. Сондықтан хиджама жасату ол сән үшін емес, денсаулыққа дұрыс күтім жасау деп түсінген дұрыс.

Хиджама – қан алдыру арқылы денені тазарту және әртүрлі ауруларды емдеу әдісі. Ол ежелден қолданылып келеді және исламдық емдеу тәсілдерінің бірі ретінде танылған. Пайдасы көп: қан айналымын жақсартады – денедегі тұрып қалған қанды шығарып, жаңа қан түзілуін ынталандырады. Иммунитетті күшейтеді – ағзаны шлактардан, токсиндерден тазартады, қорғаныс қабілетін арттырады. Қан қысымын реттейді – гипертония кезінде қан қысымын төмендетуге көмектеседі. Қабынуды азайтады – буын және бұлшықет ауруларында қабынуды басады. Күйзелісті азайтады – жүйке жүйесіне оң әсер етіп, шаршау мен күйзелісті жеңілдетеді. Тері ауруларына көмектеседі – безеу, псориаз, экзема сияқты ауруларды емдеуде қолданылады. Гормоналды тепе-теңдікті реттейді – эндокриндік жүйеге оң әсер етеді. Асқорыту жүйесіндегі гастрит, іш қату, өттің дұрыс жұмыс істемеуі сияқты мәселелерде пайдалы.

- Хиджама жасатуға қарсы көрсетілім бар ма ?

- Ия, әрине. Анемияда, гемофилия - қан ұюының бұзылысында, жүрек жеткіліксіздігінде, жүктілікте, қатты әлсіздік, арықтықта, жедел инфекциялық ауруларда хиджама жасатудан бас тарту керек. Бұл емді тәжірибелі дәрігерлерге жасатқан дұрыс, себебі процедура арнайы білім мен сақтықты талап етеді.

- Инемен емделудің пайдасы неде ?

- Инемен емдеу – адам ағзасындағы биоактивті нүктелерге арнайы инелер енгізу арқылы жүзеге асады. Бұл әдіс жүйке жүйесіне, қан айналымына, иммундық жүйеге оң әсер етіп, көптеген аурулардың алдын алуға және емдеуге көмектеседі. Пайдасы көп: ауырсынуды басады – жүйке жүйесіне әсер етіп, ауырсынуды басатын табиғи заттар - эндорфиндер бөлінуін ынталандырады.

Қан айналымын жақсартады. Иммунитетті күшейтеді – ағзаның өзін-өзі қалпына келтіру қабілетін арттырады. Иммундық жүйені күшейту – жиі суық тиюдің алдын алуда таптырмас тәсіл. Сондықтан күз бен қыста ине терапиясынан өткен жөн. Күйзелісті жеңілдетеді – жүйке жүйесін реттейді, ұйқыны жақсартады. Асқорыту жүйесін жақсартады – метаболизмді реттеп, ішек жұмысының бұзылыстарын түзетеді.

Гормоналды тепе-теңдікті қалпына келтіреді – эндокриндік жүйеге оң әсер етеді. Денедегі қабыну процестерін азайтады – иммундық реакцияны тұрақтандырады.

Бұлшықет-буын, асқазан-ішек жолдарының, эндокриндік және зат алмасу аурулары, кардиологиялық және гинекологиялық, тыныс алу жүйесінің ауруларында ине салдырған дұрыс.

Инемен емдеу әр адамның ағзасына әртүрлі әсер етеді. Сондықтан оны кәсіби дәрігер жүргізуі керек.

- Қазақта да халықтық медицина бар ғой, ол неге негізделген ?

Қазақ халық медицинасы, жалпы әлемдік медцинадан озық болмаса, кем емес. Адамзат өмір сүрген әр заманда, адам баласы ауырмай тұрмайды. Дәл қазіргі уақыттағы сияқты әртүрлі дертке шалдықты. Сынық та болады, жаугершілік заманда жарақаттар да алды, сол кезде бізде медицина болмас қалай емделдік? Осы уақытқа дейін қалай аман жеттік ?

Ата-бабаларымыз, әртүрлі шөптерден дәрілік тұнбалар дайындаған. Өз заманында керемет қолы «алтын» сынықшылар да болды. Қан айналым жүйесі бұзылғанда жасаған тәсілдері осы күнге дейін жеткен. Хиджама, шертпе – мұның барлығы біздің ата-бабаларымызға таныс болып, қолданылып келді. Хиджаманы «қан алып емдеу» деді, ал шертпе болса сол байырғы атауын жоғалтпай жетті, сонымен қатар қан қысымы қатты жоғарылаған науқастардың, құлағының ұшынан қан шығарып қан қысымын тұрақтандырды. Қол-аяғы сынған, басы жарылған, омыртқасы үзілген науқастарды сынықшылар қалпына келтіріп, таңғышпен таңып гипс жасады.

Тағы бір үлкен өнеріміз, сүйегі үгітіліп кеткен адамдарды аяққа тұрғызу. Түйенің жас ботасын сойып оның сүйегін алып, адамның сынған сүйегінің орнына салған. Бұны дамыған қазіргі заманғы медицина әлі күнге дейін жасай алмайды. Сонда бізде медицина болмаған деп қалай айтуға болады ?

Жан-жануарлардың терісінен және де мүшелерінен әр түрлі дәрі дәрмектер жасаған. Қарапайым мысал, «зертең» деген ауру бар, өкпенің қабынуы немесе пневмония дейміз. Осы ауруды да емдеп жазған. Ол үшін құнан қойды сойып, науқасты терісіне орап, ал етінен сорпа жасап бергенде кез келген зертеңді, (пневмония) түп тамырымен жойып жіберетін болған.

Ал қойдың құйрық майымен қаншама аурудың шипасын тапқан. Айта берсек өте көп, бір ғана қойдың терісінен бастап етіне дейін қаншама шипалы тағамдар жасалған. Түйенің шұбаты, өркеші, жылқының саумалы, қымызы, қазысы, жал-жаясы, сиырдың сүті, айраны, майы, құрты, ірімшігі - барлығының емдік қасиеті бар. Қазіргі қазақтар менсінбейтін ешкінің өзі қаншалықты пайдалы екенін көпшілік біле бермейді. Сүті мен етінде қаншама минералдар бар.

Өз заманының ғалымы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы деген қазақ өткен. Ол 1388-1478 жылдар аралығында өмір сүрген. «Шипагерлік баян» атты емшілік-этнографиялық еңбектің авторы. Қытайда Өтейбойдақтың мұрасын зерттеу үшін тіпті мемлекеттік медицина орталықтары да құрылды. Өзімізде өсетін шөптерден ғана 7 мыңнан астам дәрі жасап, рецептін қалдырған, қағаз бетіне түсіріп, ұрпаққа, халыққа өшпес мұра сыйлаған.

Осыған дейін балаларды балаларды қазақша оқытып жүрген неміс қызы туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар