Ата заң - ел тұрақтылығы мен бірлігінің негізі - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 27 тамыз күні Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Конституция - ел тұрақтылығы мен бірлігінің негізі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтіп, оған мемлекеттік ұйымдар басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар бірлестіктерінің жетекшілері қатысты.
None
None

Басқосуға қатысушыларды ұлық мереке - ҚР Конституция күнімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы екендігін атап өтті. «Ата Заңымыз - Қазақстанның әлемдік өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғышарттарын жасап берген жасампаз құжат. Бұл қазақ жерін мекендеген байырғы жұрттың сан ғасырлық арманы болса, демократиялық даму жолын таңдаған республиканың басқа елдермен терезесі тең болып, қанатын кеңінен жаюына мүмкіндік береді. Әлемдік дағдарыс сынақтары кезеңінде ел экономикасын тұрақтандырып, алдын алудың барлық шараларын қабылдау қажеттілігі туындады. Осы өтпелі кезеңде халқын алға қарай бастай білген Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың салиқалы саясаты мен батыл қадамдары мемлекетіміздің іргесінің нығаюына, Қазақстанның халықаралық қатынастарда беделінің өсуіне тікелей ықпал етті. Ендігі мақсат - қазақ жерін мекен еткен көпұлтты халықтың ауызбірлігін бұзбай, мемлекеттің құдіреттілігін арттырып, әлемдік көштен кенже қалмай, дамыған 30 ел қатарының биігінен көріну. Бұған әрбір қазақстандықпын деген азамат өз үлесін қосуы міндетті. Әркім қай салада болмасын, өз ісіне берік әрі адал болып, заңға бағынып, құрметтеуі тиіс», - деді Б.Мәкен.

Отырыс барысында облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы Гүлжамал Лұқпан, облыс прокурорының орынбасары Халидолла Дәуешов, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Тілекжан Рысқалиев және М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаев баяндама жасап, елдегі тұрақтылық пен ынтымақтың ұйытқысы болып отырған басты құжатымыздың абыройын асқақтатты.

Соңғы жаңалықтар