Ата Заңға түзету енгізу тек жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асады – Конституциялық комиссия

АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Конституцияның жобасында жалпыхалықтық референдум өткізу туралы Президентке ұсыныс енгізетін субъектілердің қатарына  қосымша Қазақстан Халық Кеңесін қосуды көздейтін норма қарастырылды. Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның отырысында Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлім етті.

Ата Заңға түзету енгізу тек жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асады – Конституциялық комиссия
Фото: Александр Павский / Kazinform

– Оныншы бөлім Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге тәртібіне арналады. Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға кез келген түзету тек референдум арқылы енгізілуі қажеттігін айтты. Осы орайда жобада Ата Заңға түзетулер енгізу Президенттің шешімі бойынша тек жалпыхалықтық референдум арқылы жүзеге асуы мүмкін, деп бекітілді. Парламент арқылы түзетулер енгізу мүмкіндігі алынып тасталды. Бұл мәселе бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу туралы Президентке ұсыныс енгізетін субъектілердің қатарына қосымша Қазақстан Халық Кеңесін қосуды көздейтін норма қарастырылды, - деді Бақыт Нұрмұханов жаңа Конституцияның жобасын таныстыру кезінде.

Оның айтуынша, он бірінші бөлім «Қорытынды және өтпелі ережелерге» арналып отыр. Онда жаңа Конституцияны қолданысқа енгізу мерзімі, осы уақытқа дейін қабылданған заңдар мен өзге нормативтік-құқықтық актілердің қолданылу тәртібі анықталды. Үкіметтің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілерді жаңа Конституцияға сәйкестендіру мақсатында қажетті шаралар қабылдау міндеті қарастырылды. 

– Сонымен қатар жаңа Конституция қабылданған жағдайда, осыған дейін қолданыстағы Ата Заңның негізінде қабылданған Конституциялық Кеңес пен Конституциялық Соттың нормативтік қаулылары өздерінің заңдық күшін сақтайтыны жазылды. Ол үшін бұл нормативтік қаулылар жаңа конституциялық талаптарға қайшы келмеуі қажет, - деді Конституциялық Сот төрағасының орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жаңа Конституцияның жобасындағы үшінші «Президент» бөліміне тұжырымдамалық тұрғыдан қайта қаралған және мүлде жаңа ережелер енді.

Сонымен қатар Құрылтай төрағасының лауазымына қатысты мәселелер жеке бапта реттелді. 

Соңғы жаңалықтар