Атажұртқа көш бастаған жазушы Қабдеш Жұмаділовтің туғанына 90 жыл толды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қабдеш Жұмаділов – Қытайдан атажұртқа қарай көш бастаған, мыңдаған адамның қазақ жеріне оралуына септігін тигізген тұлға. Жазушының табандылығы, ел мен жерге деген сүйіспеншілігі бүгінде аңызға бергісіз ақиқатқа айналды. Kazinform «Соңғы көш», «Тағдыр» романдары мен «Дарабоз» роман-диологиясын мұра етіп қалдырған жазушының өмірі мен шығармашылығына шолу жасады.

Қабдеш Жұмаділов
Фото: adebiportal.kz

Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов көзі тірісінде өз өмірін азаматтық және шығармашылық қызметке арнаған. Мұның астарында үлкен тарих бар. Қытайда туып-өсіп, кейін қазақ жеріне келіп білім алған Қабдеш Жұмаділов көп ұзамай қайта қудаланды. Қытайға оралып, қара жұмысқа салынды. Ал 1962 жылы атажұртқа көш бастап келді.

- Мәскеумен келісе отырып жасалған көш. Бес шекара заставасын ашып тастады. Арасы 150 шақырым. Содан 20 күн бойы атты, түйелі, арбалы, жаяу көш ағылды. Ұзын-ырғасы 200 мыңнан астам қазақ өте шықты. 10 сәуірде басталып, 1 мамырда жабылды. Егер ол тағы бір ай ашық тұрғанда миллион қазақ өтетін еді. Ең соңғы сағатым соғылып, бақиға аттанатын кезде де осы еңбегімді еске алып, көз жұматын шығармын деп ойлаймын,- деген болатын Қабдеш Жұмаділов «Дара жол» бағдарламасында.

Өзіне тиесілі тарихи міндетін орындаған ұлт азаматы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, PhD докторы, аға оқытушы Гүлнар Обаева жазушы Қабдеш Жұмаділовтің өмірі мен шағырмашылығына тоқталды. Ол жазушы шығармашылығын қазақ әдебиетіне 60-жылдары келген керемет шоғыр бар деп бағалады. Алаш қайраткерлерінің жолын жалғап, ізін суытпаған шоғырдың ішінде Қабдеш Жұмаділовтің тағдыры да, шығармашылығы да ерекше.

- Жазушы Қытайдың Шәуешек қаласында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, екі жылдан соң қудаланып, қайтадан Қытайға кетті. Сонда қара жұмысқа салған. Жап-жас кезінде саясаттың сол кездегі салқынын бастан өткерді. 1962 жылы Қытайдан қазақ жеріне қарай көш ұйымдастырып, елге жетті. Шығармашылығының ерекшелігі қазақ халқының тағдырлы кезеңі, әсересе шетелдегі қазақтардың өмірін, елге оралуын, тарихи Отанымен қайта қауышу идеясын сипаттады. Қабдеш Жұмаділов «Таңғажайып дүние» атты мемуарлық романында Қытайдан атажұртқа қоныс аударуы, Қазақстандағы өмірі туралы тұтас баяндайды. Тәуелсіз еліміз де оның еңбегін бағалады. 90-жылдары «Тағдыр» романы мемлекеттік сыйлыққа ие болды, - деді PhD докторы Гүлнар Обаева.

Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы – өмірдің өзі. Еш боямасыз ақиқат, құнды тарихи құжат.

- Ең алдымен өзіне тиесілі тарихи міндетті орындаған ұлт азаматы деп бағалауға болады. Мысалға «Соңғы көш» романы Қытай жеріндегі қазақтардың тағдыры, олардың атажұртқа үдере көшу тарихын кең тыныспен бейнелейтін эпикалық туынды. «Тағдыр» романында жеке адамның таңдыры арқылы әлеуметтік-психологиялық ахуалы, заманның тарихи күрделі тұсы ашылады. Нақтыласақ, ең әуелі шығармашылығын поззиядан бастаған. 1967 жылы «Жас дәурен» өлеңдер жинағы жарыққа шыққан. Поэзиядан кейін прозаға бет бұрды. Тілі өте шебер жазушы. Қазақтың фольклорынан бастау алған құнарлы қазынасы Қабдештің шығармаларында көрініс табады. Қандай шығарма жазса да, өзінің жүрегінен өткізіп, көзбен көріп, әбден зерттеген тақырыбына аяқ басады. Тіпті шағын әңгіме, хикаяттарының өзі сондай. Қабдеш Жұмаділовтің жеті бірдей шығармасы қазақтың тағдырлы тарихына арналған. Соның ішінде «Аранға түскен аққулар» хикаяты бар. 2011 жылы «Жұлдыз» журналына шыққан. Репрессия кезіндегі Алаш зиялыларының әйелдері туралы жазды. АЛЖИР лагеріндегі әйелдер туралы жазар кезде өте көп ізденіс жасады, архив деректерін қазбалады. Соның ішінде АЛЖИР лагеріне барып, арнайы танысып, тынысын ерекше сезінеді. Тұрар Рысқұловтың әйелі Әзиза, Сұлтанбек Қожановтың жары Гүләнда, Сәкен Сейфуллиннің әйелі Гүлбаһрамның, Бейімбет Майлиннің әйелі Гүлжамалдың образдары жазылады, - деді Гүлнар Обаева.

Тарихты түгендеген жазушы әдебиет сыншыларының да жоғары бағасын алды.

- Тарихи роман жанрын зерттеудің негізін салған Рахманқұл Бердібаев «Тағдыр», «Соңғы көш» романдары туралы «қазақ прозасындағы өте елеулі құбылыс» деп бағасын берді. Ғалым, әдебиеттанушы Арынғали Нұрғали де өзінің еңбектерінде «Қабдеш Жұмаділовті кеңестік идеологияның қыспағына қарамастан ұлттық мүддеден айнымаған, тарихи шындықты көркемдік астармен жеткізе білген қаламгерлер шоғырының алдыңғы қатарында» деп бағалайды. Осы 60-жылдардағы буын өкілдері нағыз Кеңес дәуіріндегі түрлі қыспаққа қарамастан тарихи ақиқатты астарлы сюжеттер, ишаралы бейнелер арқылы жеткізіп, халықтың рухани сұранысын өтей білді. Сондықтан Қабдеш Жұмаділовті әлем әдебиетінің озық үлгілерімен сусындай отырып, өзіндік ой қорытып, тәжірибе алған, осы арқылы бұрын -соңды әдебиетімізде болмаған ерекше образдармен келген жазушы деп бағалаймыз. Оның өзіндік үні, үлкен суреткерлік қолтаңдасы қалды. Жастар әсіресе Қабдеш Жұмаділовтің «Тағдыр», «Соңғы көшін» романдарын оқуы тиіс, - деді PhD докторы, аға оқытушы Гүлнар Обаева.

Айта кетейік, Қабдеш Жұмаділов 1936 жылы 24 сәуірде ҚХР, Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы, Шәуешек ауданында дүниеге келген. 2021 жылы 5 сәуірде дүниеден өтті. Қаламгердің артында 10 роман, 20-дан астам повесть, 70-тен астам шығарма қалды. «Соңғы көш», «Дарабоз», «Қаздар қайтып барады» сынды мол мұра әдебиеттің алтын қорына енді. 

Таяуда Алматыда Қабдеш Жұмаділовтің 90 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. Кеш аясында «Қабдеш Жұмаділов. Библиографиялық көрсеткіш» атты басылымның таныстырылымы өтті. Жинаққа қаламгердің шығармалары мен түрлі жарияланымдары топтастырылған.