Атырау ауасының ластануына әсер ететін негізгі көздер аталды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда қыркүйектің алғашқы екі аптасында атмосфералық ауа мониторингі барысында кейбір бекеттерде ластаушы заттардың шоғырлануы тіркелді. Қаладағы ауа сапасына қатысты мәселе әсіресе күкіртті сутегінің жоғары концентрациясымен байланысты болып отыр.
Атырауда күкіртті сутегімен ластануға бірнеше фактор әсер етеді. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің ақпаратына сүйенсек, негізгі көздердің қатарында «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-ның кәріз нысандары, «Квадрат» булану алаңы, жылыту қазандықтары мен жылу электр орталығы бар.
Мәселені күрделендіретін фактордың бірі — қолайсыз метеорологиялық жағдай. Желдің бәсеңдеуі, әсіресе түнгі уақытта ауаның нашар алмасуы ластаушы заттардың таралуын қиындатады. Мұндай кезде олардың концентрациясы қысқа мерзім ішінде жоғарылауы мүмкін.
Экология органдарының мәліметінше, қолданыстағы заңнама талаптары бұзылған жағдайда жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Атап айтқанда, 8 қыркүйекте Атырау қаласындағы атмосфералық ауаның сапасына байланысты жоспардан тыс тексеру басталған еді.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі ауа сапасын бақылау үшін ірі табиғат пайдаланушылардың бірқатар кәсіпорнында автоматтандырылған мониторинг жүйелері орнатылғанын атап өтті. Бұл жүйелерден алынған мәліметтер Қазақстан Республикасының қоршаған ортасы мен табиғи ресурстарының жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкіне беріледі.
— Қол жетімді ең жақсы техниканы, кәсіпорындарда мониторингтің автоматтандырылған жүйесін енгізу, қолданыстағы заңнаманың талаптарын сақтау атмосфералық ауаның ластану деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді, — деп мәлімдеді министрлік.
Алайда қаладағы ластану көздерінің бір бөлігі бірнеше жылдан бері белгілі болғанына қарамастан, күкіртті сутегі мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Сондықтан тұрғындар үшін мониторинг нәтижесінің өзі ғана емес, анықталған ластану көздерін азайту бойынша қабылданған шаралардың нақты нәтижесі де маңызды.
Қазір Атырау облысында атмосфераға шығарындыларды азайту, инфрақұрылымды жаңғырту және экологиялық бақылауды күшейту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бірақ ауа сапасына қатысты шағымдардың қайталануы қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін тұрақты бағалауды қажет етеді.
Құрылтай депутаты Арман Хайруллин Атырауда ауа сапасының нашарлауына байланысты пікір білдіріп, мәселені шешу үшін бірқатар ұсыныс айтты.
Бұған дейін Атырауда ауа құрамындағы кейбір ароматты көмірсутектердің мөлшері түнгі уақытта рұқсат етілген шектен 10-15 есеге дейін артқаны анықталды. Облыстық экология департаменті сасық иіс Атырау мұнай өңдеу зауытынан деп отыр.