Атырау қаласында 144 мыңнан аса адам жер кезегінде тұр
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында жер кезегінде тұрған адамдарға учаске беру жұмысы тоқтап тұр. Өйткені, инженерлік желілермен толық қамтылған дайын учаскелер жоқ. Жалпы 1999 жылдан бастап жер учаскесін беру туралы 144 мыңнан аса арыз түскен. Оның 6 мыңы 1999-2006 жыл аралығында жазылған.
— 2024 жылдың соңы мен 2025 жылдың басында Қайнар тұрғын үй алабынан учаскелер берілді. Қазіргі уақытта Еркінқала ауылынан, Жұлдыз-4, Ақсай ықшамаудандарынан 5 мыңға жуық жеріміз дайын болғанмен, инженерлік желілер жүргізілмеген. Ең үлкен тұрғын үй алабы Еркінқала ауылында орналасқан. Ол жақта 3 мыңға жуық учаске бар. Су көтеру станциясына байланысты мәселе туындап, сол ауылда су көтеру станциясының құрылысын бастау жоспарда бар. Жобасы аяқталды. Қаржы бөлінсе биыл іске кірісеміз, — деп пікір білдірді Тілек Махуов.
Еркінқала ауылындағы қосалқы станциялардың кернеулерінің аз болуына байланысты жаңа учаскелерді ток көзімен қамту мүмкін болмай отыр. Қосалқы станциялардың қуаттылығын көбейту жұмысы ұйымдастыралады дейді шенеуніктер. Сондай-ақ әкімдік ол учаскелерге кәріз жүйесін жүргізбек ойда.
— Биыл жер учаскелері беріледі деп айту қиын. Бүгінде қосымша Самал ықшам ауданынан 140-қа жуық учаске дайындап жатырмыз. Су мен газ жүйесі жүргізілді. Электр желісін жүргізу жұмысын аяқтап, осы жылы кезекте тұрғандарға беруге тырысамыз, - деді қала әкімінің орынбасары.
Бүгінде қала билігі жер беру жұмысының қашан толық жанданатынын дөп басып айта алмайды. Себебі, инфрақұрылым тарту жұмысының қашан басталары беймәлім. Бұған дейін Жамбылда әкімдіктің кесірінен фермерлер жер телімдерін ала алмағанын жазған едік.