Атырау мұнай өңдеу зауыты маңындағы 80 үй көшірілуі мүмкін

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау мұнай өңдеу зауытының санитариялық-қорғау аймағында орналасқан 80 тұрғын үйдің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру мәселесі жергілікті атқарушы органда қаралып жатыр. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлім етті. 

в
Фото: КазМунайГаз

Құқық қорғау органының мәліметінше, прокуратура актісі негізінде Атырау мұнай өңдеу зауытының жаңа санитариялық-қорғау аймағы бекітілді. Аталған аумақта 200-ден астам адам тұрады.

— Мұнай өңдеу зауытының айналасындағы қауіпті аймаққа қатысты 10 жылдан бері созылған экологиялық мәселе шешімін тапты. Қазіргі таңда 80 тұрғын үйдің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру мәселесі шешілуде, — деп хабарлады прокуратура.

Сонымен қатар экология саласындағы прокуратура алқасының көгалдандыру мәселесіне арналған шешімімен жауапты лауазымды тұлғалар айқындалып, өңірде «жасыл белдеуді» қалыптастыру тұжырымдамасы мен өзге де іс-шаралар әзірленді.

— Бұған дейін ағаштар суару мен күтім жоқ шалғай аумақтарға отырғызылып, олардың қурауына әкелген. Енді прокуратура барлық тартылған кәсіпорын мен мемлекеттік органдардың жұмысын жүйелеп, өңірдің ірі елді мекендерін кезең-кезеңімен толық көгалдандыруға және атмосфералық ауаның сапасын жақсартуға мүмкіндік жасады, - деп толықтырды облыс прокуратурасының баспасөз қызметі.

Бұған дейін Атырауда жасыл желектер есепке алынбаған, дендрологиялық жоспар жасалмағанын жазған едік.

Сондай-ақ өңірде жұмыс істейтін мұнай-газ компаниялары көгалдандыру міндеттемесін 0,4–18,5% ғана орындаған.