Атырауда жасыл желектер есепке алынбаған, дендрологиялық жоспар жасалмаған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда көгалдандыруға бөлінген миллиардтаған қаржыға қарамастан, нақты нәтиже мардымсыз. Жоспарланған жұмыстың бірқатары аяқсыз қалып, көгалдандыру мәселесінің өзектілігі артты.

көріктендіру
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Мирас Жалмурзинның айтуынша, соңғы екі жылда облыстық бюджеттен көгалдандыруға 5,4 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар, 2022–2026 жылдары мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Атырау қаласына 9,2 млрд теңге қарастырылған. Алайда жұмыстар негізінен қаланың орталық көшелері мен нысандар маңында ғана жүргізілген.

– Қаланың өзге аумақтарында, әсіресе кіреберіс жолдардың бойында жасыл желек егілмеген. Жергілікті атқарушы орган мұны жазғы су құбырының жоқтығымен түсіндіреді. Алайда бұл мәселені шешу бағытында нақты шаралар қабылданбай отыр, – деді прокурор.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігінің де талаптары сақталмаған. Келісім бойынша мердігер жобаның кемінде 10 пайызын қаржыландыруы тиіс болғанымен, іс жүзінде шығынның 98 пайызы бюджет есебінен жабылған.

- Бұл әріптестік емес, жай ғана келісімшартқа ұқсайды. Жекешелік әріптестік қағидалары сақталмаған. 2025 жылдың соңына дейін дендрологиялық жоспар әзірленуі тиіс еді, бірақ ол жасалмаған. Қалалық әкімдік тарапынан тиісті бақылау болмаған, – деп толықтырды Мирас Жалмурзин.

Сондай-ақ жасыл желектерді есепке алу мәселесінде де кемшіліктер анықталған. 2023 жылы бұл бағытқа 56 млн теңге бөлінгенімен, әзірленген жүйе іс жүзінде қолданылмай қалған.

- Мердігер мекеме Бөкейхан атындағы ғылыми зерттеу институтымен белгілі жұмыстарды жасаған. Әкімдік арнайы дайындалған электронды жобаны қабылдап алған. Бірақ прокуратураның тексеруі барысында аталған жүйе пайдаға аспайтыны анықталды. Бюджет игерілген, жоба аяқсыз қалып, қолданысқа енгізілмеген,-деді Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры.

Аудандардағы жағдай да көңіл көншітпейді. Құрманғазы ауданында көгалдандыру жұмыстары толық орындалмағаны анықталса, Мақат ауданында құжат бойынша көрсетілген 253 ағаштың жоқ екені белгілі болған.

Өңірде жұмыс істейтін 175 мекеме көгалдандырумен айналысуға міндетті. Алайда олардың тек 54-інде ғана табиғатты қорғау жоспары бекітілген. Қалған мекемелердің қызметі бақылаусыз қалған.

– Бұл мемлекеттік органдар тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігін көрсетеді. Соның салдарынан көгалдандыру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Әр учаскені нақты бөліп, оны заңды тұлғаларға бекітіп беру қажет, – деді прокурор.

Атырау облысы бойынша экология департаментінің мәліметінше, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының талабын орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 326-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. 2024–2026 жылдар аралығында 26 шаруашылық субъектісіне қатысты жалпы сомасы шамамен 8 миллион теңге айыппұл салынған. Оның ішінде көгалдандыру жұмысын жүргізбегені және табиғатты қорғау шаралары жоспарын орындамағаны үшін де жаза қолданылған.

Бұған дейін Атырауда 5,1 мың гектар жер мемлекетке қайтарылғанын жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар