Атырау мұнай өңдеу зауыты тексеріс нәтижесімен келіспейтінін мәлімдеді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау мұнай өңдеу зауыты экология департаментінің жоспардан тыс тексеріс нәтижесіне қатысты өз ұстанымын жариялады. Кәсіпорын ЭЛТҚ-АТ-2 және ЭЛТҚ-АВТ-3 қондырғыларының технологиялық пештері бойынша қажетті есептеулер жүргізілгенін мәлімдеді.
Бұған дейін Экология департаменті зауытта шығарындыларға есептеу жүргізілмегенін, ЭЛТҚ-АТ-2 (№ 2 атмосфералық түтік пеші бар электрлік тұзсыздандыру қондырғысы) және ЭЛТҚ-АВТ-3 (№ 3 атмосфералық-вакуумдық түтік пеші бар электрлік тұзсыздандыру қондырғысы) кейбір технологиялық пештері, сондай-ақ кешіктірілген кокстау қондырғысының резервуарлары үшін рұқсат етілген шығарындылар стандарттары анықталмағанын мәлімдеген еді.
Сонымен қатар 2026 жылдың 25 тамызында және 2-7 қыркүйегі аралығында күкіртті қалпына келтіру қондырғысында (ҚКҚ) және каталитикалық крекинг қондырғысында (ККҚ) болған төтенше жағдайлар нәтижесінде алау қондырғысына апаттық газ шығарындылары болғаны анықталды. Осы кезеңдерде жағылған газдың жалпы массасы 100 тоннадан асты.
Кәсіпорын бұл тұжырымды негізсіз деп санайды. Зауыттың мәліметінше, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган берген қолданыстағы экологиялық рұқсат аясында тиісті нормативтік есептеу жүргізілген. ЭЛТҚ-АТ-2 және ЭЛТҚ-АВТ-3 қондырғыларының технологиялық пештеріне арналған ШРШ жобасын әзірлеу кезінде отын газын, табиғи газды және пеш отынын жағудан туындайтын шығарындылар есепке алынған.
Осы шығарындылар көздері бойынша нормативтер Қазақстанда бекітілген әдістемелерге сәйкес белгіленген.Зауыт қажетті есептеулер мен нормативтік материалдардың бар екенін растайтын техникалық және жобалық құжаттаманы уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсынуға дайын екенін атап өтті.
- Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) кезіндегі іс-шараларға қатысты айтар болсақ, АМӨЗ ҚМЖ басталғаны туралы тиісті хабарлама алған кезде бекітілген Жоспарға сәйкес ластаушы заттар шығарындыларын азайту шараларын жүзеге асырады. Жоспарда шығарындыларды төмендетуге бағытталған нақты жұмыстар көрсетілген. Есептеулерге сәйкес, аталған іс-шаралар шығарындылар мөлшерін 35 370,1 г/с-тан 20 664,3 г/с-қа дейін, яғни шамамен 42%-ға азайтуға мүмкіндік береді, - деп хабарлады зауыт.
100 тоннадан астам газ алауда жағылған
Кәсіпорын 100 тоннадан астам газдың алау қондырғысында жағылуына қатысты да ақпарат ұсынды.
- Газды алау қондырғысына жіберу – технологиялық процестің бір бөлігі және ол әдіс сондай-ақ технологиялық қондырғылардың жұмысында ақаулар туындаған кезде қолданылады. Мұндай жұмыс режимі кезінде алау жүйесі газдың қауіпсіз жағылуын қамтамасыз етеді және жобаға сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесінің ажырамас бөлігі саналады, - деп толықтырды кәсіпорынның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ Атырау мұнай өңдеу зауыты 2026 жылдың 2–7 қыркүйек аралығында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы уәкілетті орган зауыттың санитариялық-қорғау аймағы шекарасында күкіртсутек бойынша нормативтен асу фактілерін тіркемегенін хабарлады.
Кәсіпорын экологиялық талаптарды сақтау қажеттілігін мойындайтынын және жүргізіліп жатқан бақылау іс-шаралары аясында мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасап жатқанын атап өтті.
Атырау МӨЗ заңнамада көзделген рәсімдердің аяқталып, соттың тиісті құқықтық баға беруін күтетінін мәлімдеді.
Бүгінде Атырау мұнай өңдеу зауыты 2030 жылға дейін кешенді экологиялық рұқсат алуға тырысып жатыр. Қоғамдық тыңдау 9 қазанға жоспарланып отыр.