Атырау мұнай өңдеу зауытының маңында тұратын халықты не алаңдатады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау мұнай өңдеу зауытының кешенді экологиялық рұқсатын талқылауға арналған дөңгелек үстелде 18 экологиялық шара таныстырылды. Жиында белсенділер шығарындыларды, су тұтынуды және қалдықтарды азайту мәселесін көтерсе, «Сая» бау-бақша қауымдастығының тұрғындары көшіру мен өтемақыға қатысты сұрақ қойды.
«Тері ауруы дендеп барады»
«Сая» бау-бақша қауымдастығының тұрғындары зауыт маңындағы экологиялық жағдайға алаңдайтынын айтты. Олардың бірі – Гүлімжан Сатыбалдықызы. Оның сөзінше, отбасы 2023 жылы зауыт маңындағы саяжайға көшіп барған. Қазір қызы үш жылдан бері тері ауруымен күресіп келеді.
- Зауыттың қасындағы ауылдар зардап шегеді. 2023 жылы зауыт маңындағы саяжайға көшіп бардық. Үш жылдан бері қызым тері ауруымен күресіп келеді. Егер айналасындағы ауылдарды толықтай көшіру мүмкін болмаса, АМӨЗ тым болмаса тұрғындарға өтемақы төлей ме?, – деді Гүлімжан Сатыбалдықызы.
Тағы бір тұрғын Гаухар Нұрланқызы денсаулығына қатысты мәселесін айтып, оны зауыттың жұмысымен байланыстырды.
- Денемді жара басып кетті. Дәрігерлер оның себебін анықтай алмай жатыр. Олар мұны тұрып жатқан жеріміздің экологиясымен байланыстырды. Енді «Сая» бау-бақша қауымдастығын көшіру мәселесі қалай шешілетінін білгіміз келеді, – деді Гаухар Нұрланқызы.
Көшіру мәселесіне қатысты шешім жер телімдерінің орналасуына, санитарлық-қорғау аймағының шекарасына және қаланың бас жоспарына байланысты қаралып жатыр. Жер қатынастары және сәулет бөлімі басшысының орынбасары Фараб Қуанышқалиевтың айтуынша, қаланың бас жоспары әзірленіп жатыр.
Жоба жыл соңына дейін дайындалып, кейін сараптамадан өтіп, бекітілуге тиіс. Бас жоспардағы негізгі бағыттардың бірі – саяжай аумақтарын жеке тұрғын үй секторына ауыстыру. Оның ішінде «Сая» бау-бақша қауымдастығы да бар.
- «Сая» аумағының функционалдық мақсаты бас жоспарға байланысты анықталады. Қазір жобалау жұмысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін дайын болған соң, сараптамадан өткізіп, бекіту жоспарланған. Саяжайларды жеке тұрғын үй секторына ауыстыру – қарастырылған негізгі бағыттардың бірі, – деді әкімдік өкілі.
Оның түсіндіруінше, санитарлық-қорғау аймағына байланысты мемлекет мұқтаждығына алынатын жер телімдерін анықтау жұмысы да жүргізіліп жатыр. Жерге орналастыру жобасы бекітілген, санитарлық-қорғау аймағының шекарасын белгілеу туралы қаулы шыққан. Қазір мемлекет мұқтажы үшін алынуы мүмкін жер телімдерінің тізімі әзірленіп жатыр.
- Егер жер телімі немесе нысан санитарлық-қорғау аймағына кірсе, бағалаушы компания оның нарықтық құнын есептейді. Бұл ретте кадастрлық баға емес, нарықтық құн негізге алынады. Бағалау нәтижесі меншік иесіне көрсетіледі. Егер ол белгіленген құнмен келіспесе, мәселені сот арқылы шешуге болады. Сот сараптамасы нәтижесінде мүліктің бағасы жоғарылауы да, төмендеуі де мүмкін, – деді бөлім басшысының орынбасары.
Экобелсенділер қандай талап қойды?
Дөңгелек үстелдің негізгі тақырыбы – Атырау мұнай өңдеу зауытының кешенді экологиялық рұқсат сұрауы. КЭР ірі кәсіпорындарға қойылатын экологиялық талаптар мен қоршаған ортаға әсерді азайту шараларын бекітеді. Алайда қоғам өкілдерін құжаттың қабылдануынан бөлек, онда көрсетілген міндеттемелердің қалай орындалатыны қызықтырды.
Эколог әрі қоғам белсендісі Галина Чернова КЭР зауытты жаңғырту жұмыстарының орындалуын бақылауға нақты мүмкіндік беруі керек деп санайды. Ол күкіртсутек, азот оксидтері, көміртек оксидтері мен күкірт диоксиді шығарындыларын азайтуға қатысты шараларды нақтылауды сұрады. Сонымен бірге пештер мен қондырғылардың жұмысын жаңғырту арқылы азот оксидтерін төмендету жолдарын түсіндіруді ұсынды.
- Қаладағы күкіртсутектің фондық деңгейі қазірдің өзінде жоғары. Зауыттың оған қосатын үлесін және бұл көрсеткішті азайту үшін қандай шара қабылданатынын білуіміз керек, – деді Галина Чернова.
Белсенді Жайықтан алынатын су көлеміне де тоқталды. Оның айтуынша, өзен тайызданып жатқан кезде зауыттың су тұтынуын 2030 жылға қарай 7,9 млн текше метрге дейін азайту жоспарының нақты негізі көрсетілуі керек.
- Жайық – қала үшін маңызды су көзі. Сондықтан суды 7,9 млн текше метрге дейін азайтуға қандай технологиялар арқылы қол жеткізілетінін түсіну маңызды, – деді ол.
Сонымен қатар Галина Чернова зауыттағы екі төгінді нүктесіне, олардағы мұнай өнімдерінің көрсеткіштеріне және судың құрамын бақылауда қолданылатын маркерлік заттарға қатысты сұрақ қойды. Экобелсенді өндірісте жиналып жатқан мұнай шламы мен басқа да қауіпті қалдықтардың көлемін азайту мәселесін де көтерді.
Ал қоғам белсендісі Есенбай Нұров экологиялық мониторинг нәтижесінің ашықтығына басымдық берді.
- Тәуелсіз экологиялық мониторингтің нәтижелері әр тоқсан сайын ашық жарияланып отыруы керек. Санитарлық-қорғау аймағының шекарасына ауа сапасын онлайн бақылайтын бекеттер орнатылғаны дұрыс. Сонымен қатар 2030 жылға дейін қалдықтарды қайта өңдеу және шығарындыларды азайту бойынша нақты көрсеткіштер КЭР-дің міндетті талаптарына енгізілуі қажет, – деді Есенбай Нұров.
Зауыт 174 млрд теңгеге 18 жоба жүзеге асырмақ
Атырау мұнай өңдеу зауытының өкілдері кешенді экологиялық рұқсат аясында әзірленген Экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасына 18 іс-шара енгізілгенін хабарлады. Оларды жүзеге асыруға шамамен 174 млрд теңге жұмсау жоспарланған.
Зауыттың еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және азаматтық қорғаныс департаментінің директоры Арман Димукашевтің айтуынша, жобалар бірнеше бағытты қамтиды. Біріншісі – технологиялық қондырғыларды жаңғырту. Соның ішінде пештер мен жанарғыларды жетілдіру арқылы отынның жану тиімділігін арттырып, шығарындыларды азайту көзделген.
Екінші бағыт – ескі өндірістік нысандарды жаңарту. Оның ішінде жасы 60 жылдан асқан баяу кокстеу қондырғысын жаңғырту жобасы бар.
Үшінші бағыт су ресурстарын тиімді пайдалануға арналған. Зауыт су дайындау және биологиялық тазарту қондырғыларын жаңғыртуды жоспарлап отыр. Бұл Жайықтан алынатын су көлемін қысқартуға және пайдаланылған суды қайта қолдануды арттыруға бағытталған.
Арман Димукашевтің сөзінше, кәсіпорын технологиялық нысандарда суды қайта пайдалану үлесін кемінде 70 пайызға жеткізуді көздейді. Бұл өзеннен алынатын су көлемін де, сыртқа төгілетін ағынды суды да азайтуға мүмкіндік беруі керек.
Жобаға сәйкес, 2030 жылға қарай Жайықтан алынатын тұщы судың жылдық көлемін 7,9 млн текше метрге дейін азайту жоспарланған. Ал булану алаңдарына жіберілетін ағынды су көлемі жылына 8,6 млн текше метрден 4,9 млн текше метрге дейін төмендеуге тиіс.
Атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың лимитін де қысқарту көзделген. Зауыт құжаттамасында бұл көрсеткіш 2020 жылғы 20,1 мың тоннадан 2030 жылы 12,6 мың тоннаға дейін төмендетілетіні көрсетілген.
- Кешенді экологиялық рұқсат алу Атырау МӨЗ-ді экологиялық жаңғыртудағы маңызды кезең болады және бұл бағыттағы жұмыстарды ашық жүргізуге мүмкіндік береді. Тиісті комитеттің қолдауымен КЭР алу үшін қажетті жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып, қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған шараларды бірлесіп іске асырамыз. Біз үшін жұртшылықтың жоспарланған іс-шараларды ғана емес, нақты нәтижелерді де көруі маңызды, – деді еңбекті, қоршаған ортаны қорғау және азаматтық қорғаныс департаментінің директоры Арман Димукашев.
Атырау мұнай өңдеу зауытының кешенді экологиялық рұқсат алуына қатысты қоғамдық тыңдау 9 қазанда өтеді. Онда жобалық құжаттамаға қатысты ұсыныстар мен ескертулер қаралуы тиіс.
Жуықта өңірге жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен жиында атмосфералық ауаның сапасы мен экологиялық мониторинг мәселелеріне айрықша назар аударылды. Қазіргі таңда «Қазгидромет» деректері, NCOC экология бекеттері мен «АМӨЗ» құрылғыларынан алынатын мәліметтер ортақ жүйеге біріктірілмеген.