Атырау мұнай өңдеу зауытына 520 млн теңге айыппұл салынды

АТЫРАУ.KAZINFORM — Атырау мұнай өңдеу зауытына жүргізілген жоспардан тыс тексеріс кезінде экологиялық талаптардың бұзылғаны және апаттық жағдай туралы хабарламағаны белгілі болған. Сот шешіміне сәйкес кәсіпорын 520 млн теңге айыппұл арқалаған.

 Атырау мұнай өңдеу зауыты
Фото: Атырау мұнай өңдеу зауыты

ҚР ЭТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Бекмұхамбетовтің айтуынша, тексеріске қала тұрғындарының ауадағы жағымсыз күкіртсутек иісіне жаппай шағымдануы себеп болған.

— Тексеріс нәтижесінде үш хаттама толтырылды. Мамандар ауаға бірқатар шығарындының бекітілген нормадан артық жіберілгенін анықтады. Зауыттан шыққан сарқынды су экологиялық рұқсатсыз жерге төгілгені белгілі болды. Қазіргі уақытта кәсіпорын бұл тексерістің қорытындысымен келіспей отыр, — деді Әлібек Бекмұхамбетов. 

Еске салайық, 25 қаңтарда Атыраудағы бірқатар елді мекен аумағында күкіртсутек шекті нормадан асып кеткен еді.

Кейін Атырау облысы бойынша экология департаменті осы жағдайдан кейін тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді. 

Ақпан айының соңында Атырау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұсынысы негізінде «Қалалық және ауылдық елді мекендердегі, өнеркәсіптік ұйымдар аумақтарындағы атмосфералық ауаның гигиеналық нормативтерін бекіту туралы» № ҚР ДСМ-70 бұйрығына сәйкес келмеуіне байланысты, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабы, 1 бөлігімен 1600 АЕК көлемінде айыппұл салған еді. 

Наурызда Атырау облысы бойынша экология департаменті Атырау мұнай өңдеу зауытында былтыр желтоқсан айында және биыл қаңтарда бірнеше технологиялық қондырғы істен шығып, нәтижесінде факел арқылы атмосфералық ауаға 40 мың текше метр отын газы экологиялық рұқсатсыз шығарылғанын мәлімдеді.