Атырау облысында полицейлер жоғалған 70 малды иелеріне тауып берді
АСТАНА. KAZINFORM – Атырау облысы аумағында мал ұрлығының алдын алу және ашу, оларды жасаумен айналысатын тұлғаларды анықтау мақсатында түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Атап айтар болсақ, биыл облыста жоғалған 70 мал иелеріне қайтарылды.
Polisia.kz-тің мәліметінше, жыл басынан бері мал ұрлығына қатысты полицейлер 27 қылмысты ашып, жоғалған 70 мал иелеріне табысталған. Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде мал ұрлығымен айналысқан 1 қылмыстық топ құрықталып, 7 адам ұсталды.
Атырау облысы полиция департаменті облыс көлемінде мал ұрлығы қылмысының алдын алып, ашуға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде ұйымдастырып келеді.
Айта кетейік, мал ұрлау, яғни бөтеннің малын жасырын жымқыру – мүлкі тәркіленіп, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бес жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Бұған дейін Батыс Қазақстанда малды жаю қағидаларын бұзған 2 мыңнан астам адамға айыппұл салынғанын хабарлаған едік.