Батыс Қазақстанда малды жаю қағидаларын бұзған 2 мыңнан астам адамға айыппұл салынды
ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биылғы тоғыз айда 51 мал ұрлығы дерегі тіркелді.
БҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Артур Мұсағалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, қолды болған 343 малдың 217-сі немесе 63,2 пайызы иелеріне қайтарылды.
Артур Ғайсаұлының сөзіне қарағанда, ҚР Ішкі істер министрлігінің ұрлықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламасын жүзеге асыру аясында қабылданған алдын алу іс-шараларының нәтижесінде өңірде соңғы бес жылда мал ұрлығы азайып келеді. Атап айтқанда, 2020 жылы – 345, 2021 жылы – 185, 2022 жылы – 184, 2023 жылы 174 мал ұрлығы тіркелген.
«Ауыр санаттағы мал ұрлығының ашылуы 89,3 пайыз болып, өткен жылғыдан (80,3 пайыз) 9 пайызға өсті. Қылмыстың жасалуына басты себеп – малдың қараусыз жүретіні. Айталық, тіркелген мал ұрлығының 80,3 пайызы (41 дерек) еркін жайылымда орын алған. Сонымен қатар иелері малдары жоғалғаннан кейін кеш хабарлайды, яғни 10 күн, ең көбі 1 жыл өткен соң полицияға жүгінеді», дейді А.Мұсағалиев.
Оның айтуынша, тек 10 дерек бойынша мал қорадан ұрланса, соның 9-ы ашылған.
Жедел іс-шаралар нәтижесінде жыл басынан бері 238 малды жымқырған 6 қылмыстық топ пен 49 ұры ұсталған.
Тағы бір мәселе – мал иелері ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидасын бұзбауы тиіс.
«Осы қағида талаптарын бұзған 2 096 мал иесі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 408-бабына сәйкес жауапқа тартылып, оларға 18 млн 696, 288 мың теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар облыс жолдарында мал және ет өнімдерін заңсыз тасымалдауға қатысты 218 құқық бұзушылық анықталып, кінәлілер аталмыш кодекстің 406-бабына сәйкес 4 млн 810, 350 мың теңге айыппұл арқалады», деді А.Мұсағалиев.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жоғалып кеткен жігіттің қыстақта мал бағып жүрген жерінен табылғанын жазған болатынбыз.