Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Атырау облысындағы «ерекше көше»: екі жақта 28 жол белгісі тұр

АТЫРАУ.KAZINFORM — Жылыой ауданының орталығы Құлсарыда жаяу жүргіншілерге арналған жол белгілерінің орналасуына қатысты тұрғындар наразылық білдірді.

Атырау облысындағы «ерекше көше»: екі жақта 28 жол белгісі тұр
Фото: ЖИ

Олардың айтуынша, адам көп жүретін жерлерде белгі жетіспейді, ал қала шетіндегі кей көшелерде керісінше тым көп орнатылған.

Қала тұрғындарының сөзінше, көлік ағыны көп, қауіп басым жерде жаяу жүргіншілер белгісі сирек орналасқан. Ал әкімдік қала шетіндегі Жадырасын ауылындағы көшелердің біріне ондаған метр сайын арнайы белгі қойған. Нақтырақ айтқанда, шеткі айналма жол есептелетін, ұзындығы 2,8 шақырым болатын көшенің бір жақ бетіне 14 жаяу жүргіншілерге арналған жол белгісі орнатылыпты. 

— Жолдың бір шетіне 2024 жылы тасқын кезінде бөгет соғылды. Балаларға, үлкен кісілерге керек жерге қойылмай, осы аумаққа орнатқан. Бұл көшеге не үшін салынғанын түсінбейміз, аумақ тып-тыныш, жүріп жатқан адамды байқамаймыз, — деп пікір білдірді қала тұрғыны.

Бұл мәселеге қатысты аудан әкімдігі пікір білдірді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, жол белгілері бұл көшеге ауданның кешенді даму динамикасына сәйкес алдағы уақытта тұрғын үй құрылысы жүргізіліп, халықтың қоныстануы жоспарланған жерлерді ескере отырып, жоспарға сейкес алдын ала орнатылған.

— Жол белгілерін орнату кезінде қолданыстағы жалпы техникалық талаптар, оның ішінде ҚР СТ 1125-2002 стандартының талаптары басшылыққа алынды және жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. Тұрғындар тарапынан аталған мәселенің жиі көтерілгенін ескеріп Жылыой ауданының полиция басқармасының әкімшілік-техникалық қадағалау инспекторымен бірлесіп, қала ішіндегі жаяу жүргіншілерге арналған жол белгілері орнатылмаған учаскелерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, сәйкесінше жол белгілерінің орнын алмастыру жұмысы атқарылып жатыр, — деді Жылыой ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бекет Бозжігітов.

Жауапты бөлім Жылыой ауданының полиция басқармасынан жол белгілерін орнату, ауыстыру немесе толықтыру жөнінде нұсқама келіп түскен жағдайда қолданыстағы талаптарға сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.

Бұған дейін Астанада 20 мыңнан астам жаяу жүргінші жол ережесін бұзғанын жазған едік.