Атырау түрмесінде кәсіпкерлердің шағымынан кейін жалдау ақысы төмендетілді

АСТАНА. KAZINFORM — Атырауда түзеу мекемелерінде қызмет ететін кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды, деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

СҚО-да түрмеде тігіншілікті меңгерген әйел бостандықта өз ісін ашты
Фото: СҚО ҚАЖД

Осы жылдың 4 мамырында Атырау облысының прокуратурасында ашық диалог форматында қызмет орны түзеу мекемелерінің аумағында орналасқан кәсіпкерлермен кездесу өтті.

Белгілі болғандай, кәсіпкерлерді толғандыратын мәселелердің бірі өндірістік үй-жайларды жалға алу сомасының жоғары болуы.

Жалдау ақысын есептеу кезінде мемлекеттік мүлікті жалға беру ережелері жүйелі түрде бұзылуына жол беріліп, коэффициенттер дұрыс қолданылмаған.

Атап айтқанда, үй-жайлардың функционалдық мақсаттары, олардың жайлылық дәрежесі, сондай-ақ кәсіпкерлердің ұйымдық-құқықтық нысаны дұрыс анықталмаған, нәтижесінде жалдау ақысының мөлшеріне айтарлықтай әсер еткен.

— Прокуратураның араласуынан кейін Мемлекеттік мүлік департаменті қайта есептеу жүргізіп, жалдау сомасы 30-40%-ға төмендетілді. Мысалы, «ЭРТРИ» ЖШС-нің жалдау ақысы (тігін цехы, 15 сотталған жұмысқа орналастырылды) түзетілгеннен кейін 71 мың теңгеден 45 мың теңгеге дейін, жылдық жалдау сомасы тиісінше 856 мың теңгеден 547 мың теңгеге төмендетілді. Осылайша, қадағалау актісі бойынша 14 кәсіпкердің құқықтары қорғалды және кінәлі тұлғалар жауапқа тартылды, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасау сотталған адамдардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге тікелей әсер етеді.

Бүгінгі таңда Атырау облысының әйелдер колониясында жұмыспен қамтылуы 80% құрайды.

Осыған дейін Қызылорданың түзеу мекемесінде 21 кәсіпкер 600-дей жазасын өтеушіні жұмыспен қамтып отырғанын жаздық.