Атырауда 1 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үйдің жартысына ғана жылу берілді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында көпқабатты 1033 тұрғын үй бар. Бүгінге дейін көпқабатты тұрғын үйлердің жартысына ғана жылу берілді.
Атырауда жылу сайын жылу беру 15 қазанда басталады. Алайда биыл қазан айы басталғаннан бері ауа райы құбылып тұр. Соңғы 3-4 күннен күрт суытты. Осыған байланысты тұрғындар жылудың әлі берілмегеніне шағым айтып отыр. Атырау облысы энергетикалық кешенінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 1 қазанда мұнайлы шаһардағы әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастаған.
«Қазан айының алғашқы күні облыс орталығындағы әлеуметтік нысандардың бәрі жылуға қосылды. Оның ішінде мектептер мен балабақшалар, ауруханалар мен арнайы мекемелер бар. Ал, 8 қазанда көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беріле бастады. Қазір Атырау қаласында орталық жылу желісіне қосылған қосылған 1033 көпқабатты тұрғын үй бар. Бүгінгі күнге дейін 517 тұрғын үйге жылу берілді. Енді 516 үйді жылумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Осыған байланысты тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады энергетикалық кешеннің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, 516 тұрғын үйді жылуға қоспаудың бірнеше себебі бар.
«Кейбір пәтер иелерінің кооперативі тарапынан жылуды кешірек қосу туралы өтініш түсті. Ал кейбіріне қарасты тұрғын үйлерге жылу беруге дайын болмай шықты. Осындай себептерге байланысты 516 тұрғын үй жылуға біртіндеп қосылады», - деп мәлім етті энергетикалық кешеннің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысының жылу беру маусымына дайындығы 97 пайыз екенін хабарлаған едік.