Атырауда 4 жасар бала 10-қабаттан құлап, мерт болды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласында 4 жасар бала тұрғын үйдің 10-қабатынан құлап, мерт болды.

Атырау қалалық полиция басқармасының мәліметінше, оқиға бүгін, 14 маусымда болған.
«Бүгін сағат 9:00 шамасында Атырау қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің 10-қабатынан 4 жастағы ұл құлап кетті. Балақай оқиға орнында қайтыс болды», -деп хабарлады қалалық полиция басқармасынан.
Қазір аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 141-бабының 2-бөлігімен тергеу амалдарын жүргізу жұмыстары басталды. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сай жариялауға жатпайды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында қаңтардан бері өрттің салдарынан 11 адам қаза тапқанын жазған болатынбыз.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Нариман Өтешовтің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 121 өрт оқиғасы тіркелген.
Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3 пайызға өсіп отыр. Жыл басынан бері өрттің басым бөлігі – 56 дерек тұрғын үй секторында тіркелді. Сонымен бірге, 40 көлік өртенді. Жалынның салдарынан 11 адам ажал құшты. Ал, 6 адам күйік алып, зардап шекті.
Сондай-ақ, Атырау облысында жыл басынан бері жол апатынан 56 адам мерт болғанын хабарлаған едік.