Атырауда 8-сынып оқушысын топ болып соққыға жыққандарға қылмыстық іс қозғалды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында сегізінші сынып оқушысының соққыға жығылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға әлеуметтік желіде кеңінен талқыланып, қоғамның назарын аударды.
Жасөспірімнің анасының айтуынша, 29 мамыр күні оның ұлын алдап пәтерге шақырып, бірнеше сағат бойы ұстап отырған.
— Баламды сағат 15:00 шамасында пәтерге кіргізіп, кешкі 18:00–ге дейін шығармаған. Сол уақыт аралығында тоғыз жасөспірім кезек-кезек ұрып-соққан, — дейді ол.
Сондай-ақ әйел оқиғадан кейін жанжалға қатысушыларды өз күшімен іздеуге мәжбүр болғанын, ал сот-медициналық сараптама бірден тағайындалмағанын мәлімдеді.
Атырау облыстық полиция департаментінің дерегінше, құқықбұзушылыққа қатысы бар барлық жасөспірім анықталған.
— Атырау қаласы полиция басқармасының қызметкерлері құқықбұзушылыққа жол берген 15-16 жастағы барлық тұлғаны анықтап, заңды өкілдерімен бірге полиция басқармасына жеткізді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметіне сәйкес, құқықбұзушылық жасаған жасөспірімдер ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне қойылды. Жиналған материалдар кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссияның қарауына жолданады.
Ал олардың ата-аналары бала тәрбиесіне тиісінше көңіл бөлмегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Жалпы елде 3 мыңнан астам бала полицияның есебінде тұр.