Атырауда арнайы жасақтардың тактикалық көпсайысы басталды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің ауыспалы кубогы үшін арнайы мақсаттағы бөлімшелер арасында өтетін IV тактикалық көпсайыс турнирі басталды.

в
Фото: ҚР Ұлттық ұланы

Облыс аумағындағы «Қаработан» оқу орталығына еліміздің әр өңірінен келген арнайы жасақ өкілдері жиналды. Дәстүрлі жарысқа Полицияның арнайы мақсаттағы бөлімшелерінен 23 команда және Ұлттық ұланнан 2 команда қатысып жатыр. Осылайша министр кубогы үшін барлығы 25 команда бақ сынап жатыр.

ҚР Ұлттық ұланы мәліметінше, турнирге халықаралық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен арнайы жасақ бөлімшелері де қатысып жатыр. Олардың қатарында биыл Дубайда өткен SWAT Challenge халықаралық турнирінде үздік атанған арнайы бөлімше қызметкерлері бар.

в
Фото: ҚР Ұлттық ұланы

Үш күнге жоспарланған жарыс барысында қатысушылар кәсіби шеберлік, тактикалық дайындық, дәлдік, шапшаңдық және төзімділік бойынша бірнеше кезеңнен өтеді.

Тактикалық көпсайыстың негізгі мақсаты – арнайы мақсаттағы бөлімшелер қызметкерлерінің кәсіби машықтарын жетілдіру, жоғары психологиялық және физикалық жүктеме жағдайындағы төзімділігін бағалау, бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды дамыту және үздік командаларды анықтау.

в
Фото: ҚР Ұлттық ұланы

Бұл дәстүрлі дода құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін күштердің жауынгерлік даярлығын шыңдауға және тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.

ы
Фото: ҚР Ұлттық ұланы

Турнир қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен команда Ішкі істер министрінің ауыспалы кубогына ие болады.

Бұған дейін алты елдің жастары қатысатын «Айбын-2026» әскери жиынына дайындық қалай жүргізіліп жатқанын жазған болатынбыз.