Алты елдің жастары қатысатын «Айбын-2026» әскери жиынына дайындық қалай

АСТАНА. KAZINFORM – Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Бурабай курорттық аймағында өтетін «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына дайындық барысымен танысты.

чв
Фото: Қорғаныс министрлігі

Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің «Амандық» полигонында өткен инспекциялық іс-шараларға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов та қатысты.

Әскери колледж басшысы министрге қатысушыларды қабылдау және орналастыру, полигонға апаратын жолдардың жай-күйі, жүргізілген құрылыс жұмыстары мен жиынға дайындық деңгейі туралы баяндады.

Дәурен Қосанов далалық инфрақұрылым нысандарын аралап, жазғы амфитеатр құрылысының сапасын, саптық алаңды және әскери-қолданбалы әрі спорттық жарыстар өтетін алаңдардың дайындығын бағалады.

Сондай-ақ қорғаныс ведомствосының басшысы қатысушыларды, команда жетекшілерін, спорт нұсқаушыларын және қазылар алқасының мүшелерін орналастыру, тамақтандыру және тұрмыстық қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.

Жиынға қатысушылардың қауіпсіз әрі жайлы орналасуы үшін полигонда әртүрлі сыйымдылықтағы 74 шатыр орнатылған.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша министр ұйымдастырушыларға жиынға қатысушылар үшін барынша қолайлы жағдай жасауды тапсырды.

– Тұрғын орындарды сапалы жабдықтауды, толыққанды тамақтандыруды ұйымдастыруды және шатырлы қалашықта санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету қажет, – деді Дәурен Қосанов.

Айта кетейік, 21–27 маусым аралығында Бурабай курорттық аймағында «Айбын» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді. Оған Қазақстанмен қатар Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командалары қатысады.

Айта кетейік, 2025 жылы өткен «Айбын» халықаралық жиынына жүздеген жас қатысып, әскери-қолданбалы спорт түрлері мен патриоттық бағыттағы жарыстарда бақ сынаған болатын.

Бұған дейін Астанада «Айбын-2026» халықаралық жиынына жолдама алған командалар анықталғаны хабарланды.