Атырауда ауадағы күкіртсутегінің мөлшері нормадан 10 есе асты
АТЫРАУ. KAZINFORM – Кеше кешкілік Атырау тұрғындары қалада жағымсыз иістің таралғанына шағымданды.
Осыған байланысты жүргізілген зертханалық бақылау барысында қаланың оң жағындағы «Квадрат» булану алаңы маңында ауадағы күкіртсутегінің мөлшері рұқсат етілген шекті шоғырланудан 10 есе асқаны анықталды.
Экология департаментінің мәліметінше, 8 шілдеде зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары тұрғындардың шағымына байланысты Атырау қаласының бірнеше нүктесінде атмосфералық ауа сапасына мониторинг жүргізді.
Ауа сынамалары «ҚазТрансОйл» АҚ-ның Т.Қасымов атындағы мұнай айдау станциясының санитарлық-қорғау аймағынан тыс аумақтан, «Атырау облысы Су Арнасы» КМК-не қарасты кәріздік сорғы станциясы маңынан, қаланың оң жағындағы «Квадрат» булану алаңының санитарлық-қорғау аймағынан тыс жерден және Нұрсая ықшамауданынан алынды.
Зертханалық бақылау барысында ауа құрамындағы күкіртсутегі, көміртек оксиді, азот оксиді, күкірт диоксиді және метанның мөлшері тексерілді. Мониторинг кезінде ауа температурасы +25 градус болып, жел солтүстік және солтүстік-батыс бағыттан секундына 5 метр жылдамдықпен соққан, ауаның салыстырмалы ылғалдылығы 54 пайызды құрады.
Тексеру нәтижесінде қаланың оң жағындағы «Квадрат» булану алаңының санитарлық-қорғау аймағынан тыс аумақта күкіртсутегінің мөлшері рұқсат етілген шекті шоғырланудан 10 есе асқаны анықталды. Қалған бақылау нүктелерінде алынған сынамалар бойынша мұндай асып кету тіркелмеген.
– Аталған фактілер бойынша гигиеналық нормативтердің бұзылуына жол берген табиғат пайдаланушыға қатысты заңда көзделген шараларды қабылдау үшін жинақталған құжаттар Атырау облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданады, – деп хабарлады Атырау облысы бойынша экология департаменті.
Еске салайық, 8 шілде күні кешке Атырау қаласының тұрғындары әлеуметтік желілерде ауада жағымсыз иістің таралғанына шағымданған болатын. Осыдан кейін өңірдегі уәкілетті органдар атмосфералық ауа сапасына кезектен тыс бақылау жұмысын жүргізген еді.