Атырауда әйелін қызының көзінше пышақтап өлтірген зейнеткер 15 жылға сотталды

АТЫРАУ.KAZINFORM — 13 жыл отасқан әйелін 12 жасар қызының көзінше өлтірген 63 жастағы зейнеткер 15 жылға сотталды. 

Атырауда әйелін қызының көзінше пышақтап өлтірген зейнеткер 15 жылға сотталды
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Атырау қаласының 63 жастағы тұрғынына Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігі 5-тармағы бойынша (Аса қатігездікпен адам өлтіру) айып тағылды. Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина зейнеткерді кінәлі деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейді. Сотталушы марқұмның туысына 5 млн теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

Атырауда әйелін қызының көзінше пышақтап өлтірген зейнеткер 15 жылға сотталды
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Оқиға осы жылы 16 наурыз түнде болған.

Тергеу дерегіне сәйкес, сотталушы әйелін қызының қасында ұйықтап жатқан кезде 11 мәрте пышақпен жарақаттаған.12 жастағы қызы әкесінен полиция мен жедел жәрдем шақыруды сұраған. Сотта зейнеткердің бұл қылмысты алдын ала ойластырғаны белгілі болды. Үй ішіндегі бөлмелерде орналасқан камераларды сөндіріп тастаған.

Куәлік еткен көршілері марқұмның бойында күйеуінің қолынан бір күні өліп қалатыны туралы қорқышыны болғаны туралы айтты.

Күдікті әйелін орынсыз қызғанып, арты осындай қылмысқа ұласқан.

Процесс кезінде айыпталушы кінәсін мойындап, марқұмның туыстарынан кешірім сұрады.

Айта кетейік, қаза болған 58 жастағы әйел қала мектептерінің бірінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек еткен. Ұзақ жыл педагогика саласында қызмет атқарып, бір кездері мектеп директорының орынбасары болған.