Атырауда бекіре тұқымдас балықтарды өсіретін мамандар тапшы
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда 1998 жылдан бері бекіре тұқымдас балық түрлерінің шабақтарын өсіретін зауыт жұмыс істейді. «Жайық Атырау» зауытының басты мақсаты — бекіре тұқымдас балықтардың қорын көбейту.

Зауыт директорының міндетін атқарушы Болат Мұхатжиевтің айтуынша, бағалы балықтардың шабақтары мемлекеттік тапсырыс шеңберінде өсіріледі.
Жыл сайын зауыттан 3,5 млн шабақ Жайық-Каспий су бассейніне жіберіледі.
— Бұл зауыттың жылдық қуаты — 3,5 млн шабақ өсіру. Зауыттың жобасын 1979 жылы КСРО Балық шаруашылығы министрлігіне қарасты «Гидрорыбпроект» институтының Астрахань филиалы дайындаған. Ал нысан құрылысын 1985 жылы Орынбор гелий зауыты бастаған. Бірақ КСРО-ның ыдырауымен туындаған экономикалық қиындықтарға байланысты жобаны қаржыландыру тоқтатылды. Осының салдарынан зауыт құрылысының аяқталу мерзімі 1998 жылға дейін созылды. Сол жылдың күзінде аталған зауыт пайдалануға берілді, — дейді Болат Мұхатжиев.
Мұнайлы өңірде осындай 2 зауыт бар. Оның бірі Атырау қаласымен аттас ауылдық округтегі таяу орналасқан Жаңаталап ауылының, екіншісі Еркінқала елді мекенінің тұсында салынған.
Кейін екеуі біріктірілді. Жыл сайын бекіре тұқымдас балық түрлерін аулау үшін 4,6 тонна лимит беріледі.

Балық өсірушінің бірі Жұпар Өтеулиеваның айтуына қарағанда, бекіре тұқымдас балықтар зауытқа арнайы ыдыстармен әкелінеді. Ауланған балықтар алдымен тұйық су тоғанында тіршілік етуге үйренеді.
Су маржанына күніне екі рет жем беріледі. Балықтардың температурасы тексеріліп, судан химиялық сынама алынады. Сондан соң арнайы бассейнге ауыстырылады.
Зауытта бассейннің бірнешеуі бар. Бассейндегі су Жайық өзенінен алынады. Қызметкерлер кезекпен тәулік бойы жұмыс істейді. Судағы оттегіні, 100-ден астам бекіренің жағдайын тексереді.
— Зауытта 2013 жылдан бері бекіре аналығының үйірін өсіру қолға алынды. Аналық үйірді қалыптастыру үшін кем дегенде 15 жыл қажет. Аналық балық та аз. Соның салдарынан былтыр мемлекеттік тапсырыс орындалмады, -дейді Жұпар Өтеулиева.

Қазір зауыттың технологиясы ескірген. Сол себептен технологияны жаңғырту жоспарланып отыр. Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірленіп жатыр.
Тағы бір балық өсіруші Майра Зұлхашеваның айтуынша, бекіреге уылдырықты өзі беруі үшін екпе салынады. Зауытта қортпа, орыс бекіресі, сүйрік, пілмай, шоқыр секілді бағалы балықтардың аналық үйірі бар.
Уылдырығы алынған балықтар зауытта қалдырылып, ерекше күтімге алынады. Олар 2-3 жылдан кейін уылдырықты қайтадан беруі мүмкін.
Мәселен, 2021 жылғы наурызда Жайық өзенінің бойындағы «Кіші Дамбы» тартымынан алып қортпа ауланды. Бағалы балықтың салмағы — 150 келі, ұзындығы — 2,4 метр.
Оны Амангелді атындағы өндірістік кооперативінің балықшылар бригадасы «Жайық-Атырау» бекіре шабағын өсіру зауытына тапсырды. Кейін одан 20 келі уылдырық алынды.
Бекіре тұқымдас балықтардың негізгі жемінің бірі — ұсақ ақ құрт. Зауытта ұзындығы шамамен 5 мм-ге дейінгі ақ құртты өсіретін цех бар. Мұндай құрт 80 қорапта өсіріледі.
Директордың міндетін атқарушының мәліметінше, зауытта 70-ке жуық адам жұмыс істейді. Оның 90 пайызы — қарапайым жұмысшылар.
Басты проблеманың бірі — жалақының аздығы. Мәселен, зауыт басшысы шамамен 260 мың, балық өсіретін мамандар, ихтиологтер — 200 мың, жұмысшылар, оның ішінде, тракторшылар 120 мың теңге жалақы алады.

— Бізде жұмыс істейтіндердің көпшілігі — зауытқа жақын маңдағы ауылдың тұрғындары. Жоғары білімі бар мамандар аз. Соңғы 10 жылда жоғары оқу орнын бітірген 3 маман ғана келді. Кем дегенде тағы 6-7 маман қажет. Қарапайым жұмысты атқаратын жұмысшылар да керек. Қазір 2 зейнеткер трактор айдап жүр. Жалақының аздығы мамандарды жұмысқа тартуға қолбайлау болып отыр, — дейді Болат Мұхатжиев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда былтыр Жайықтан бөлінген судан 1 млн шабақ құтқарылып, өзенге жіберілгенін хабарлаған болатынбыз.