Атырауда былтыр Жайықтан бөлінген судан 1 млн шабақ құтқарылып, өзенге жіберілді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Бүгін түске дейін Махамбет ауданындағы Есмахан ауылының тұсында судан 1 млн шабақ құтқарылды. Балық шабақтары Жайық өзеніне жіберілді.

Жайық
Фото: Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы Алмас Жұмашевтың айтуынша, былтырғы көктемдегі тасқын кезінде Жайық өзенінен бөлінген су әлі кері қайтпаған.

– Ауа-райының салқындауынан мұндай суда мұз қатады. Ал бұл оттегінің азайып, балық шабақтарының қырылуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан бүгін, 15 қаңтарда түскі сағат 13:00-ге дейін Махамбет ауданындағы Есмахан ауылының тұсында жайылмаға шыққан судан 1 млн шабақ құтқарылып, Жайық өзеніне жіберілді. Сазан, мөңке балықтарының шабақтарын құтқаруға «Абылай-Хан», «КаспийРыбаЕвразия» ЖШС мен «ҚазСуШар» РМК-нің Атырау облыстық филиалының қызметкерлері мен 99245 әскери бөлім сарбаздарынан 50 адам тартылды. Балық шабақтарын Жайық өзеніне тасымалдауға 10 көлік бөлінді, - дейді Алмас Жұмашев. 

Балық
Фото: Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы
балық
Фото: Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы

Еске сала кетелік, бұғдан бұрын Атырау облысындағы Бақсай каналында балық шабағына қырылу қаупі төнгенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар