Атырау облысындағы Бақсай каналында балық шабағына қырылу қаупі төнді
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Бақсай каналында балық шабағына қырылу қаупі төнді. Әзірге 180 мың шабақ құтқарылған.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, оқиға 13 қаңтарда Х.Ерғалиев ауылының тұсында анықталған.

– Кеше, 14 қаңтарда өзара іс-қимыл схемасына сәйкес арнайы топ құрылып, оқиға орнына барды. Топ құрамында инспекцияның, Экология департаменті мен Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, ветеринариялық қызмет пен балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының қызметкерлері бар. Каналдан 180 мыңға жуық шабақ құтқарылды. Зертханалық талдау жүргізу үшін су мен балық шабағынан сынама алынды, - деп хабарлады инспекциядан.
Инспекцияның мәліметінше, балық шабақтарының қырылуының алдын ала екі себебі бар. Біріншісі – канал суында оттегінің жетіспеушілігі, екіншісі – мұз қатуы.

– Белгіленген тәртіпке сәйкес өлген шабақтарды жою жұмысы қолға алынды. Жойылған шабақтардың саны кейін хабарланады. Қазір каналдағы ахуал бақылауға алынды, - деп мәлім етті инспекциядан.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда заңсыз балық аулаған браконьерлер мотоциклін тастап қашып кеткенін хабарлаған едік.