Атырауда бір күнде 200-ге жуық адам көктайғақ салдарынан дәрігерлердің көмегіне жүгінген
АТЫРАУ.KAZINFORM — Атырауда 14 қаңтардан бері көктайғақ салдарынан құлаған 200-ге жуық адамға көмек көрсетілді. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Кешеден бері 15 тұрғын стационарға жатқызылған. 25 адамға амбулаториялық ем тағайындалған. Қалған азаматтарға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кеңес берілген. Қазіргі уақытта өңірдегі медициналық ұйымдар күшейтілген режимже жұмыс істеп жатыр. Травмотология бөлімі тәулік бойы қызметін жалғастыруда.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Атырау қаласында көктайғақтың алдын алу және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қар тазалау және тайғаққа қарсы жұмыстар күшейтілді.
— Жолдарды тазалау жұмыстарына щеткалы тракторлар, ал жаяу жүргіншілер жолдары мен тротуарларды тазалауға мини тракторлар, сондай-ақ құм-тұз қоспасын себуге арналған көліктер — жалпы саны 30-ға жуық арнаулы техника жұмылдырылды. Сонымен қатар 150 жол жұмысшысы тәулік бойы үздіксіз қызмет атқаруда. Кешегі күннен бастап барлығы 248 тонна реагент себілді, — деп хабарлады Атырау қаласының әкімдігі.
Осыған дейін Атырауда көктайғаққа байланысты қозғалыс қиындап, оқушылар қашықтан оқитынын жазған едік.