Атырауда электр энергиясы мен жылу тарифі өзгеруі мүмкін

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырауда электр энергиясы мен жылу тарифін көтеру ұсынысына тұрғындар мен қоғам белсенділері қарсылық білдірді. Олар тарифті өсіруге негіз болған шығындардың толық әрі ашық көрсетілуін талап етіп, қызмет құны қымбаттағанымен, желілердің тозуы мен қызмет сапасына қатысты мәселелердің әлі шешілмегенін айтты.

Тарифы на коммунальные услуги будут повышаться поэтапно до 2029 года — Миннацэкономики РК
Фото: Kazinform

Тұрғындар мен қоғам белсенділері тарифтің өсуіне қатысты ұсынылған және істелген жұмыстың есеп-қисабы қоғамға түсінікті әрі қолжетімді болуын сұрады. Олардың айтуынша, жыл сайын тариф қымбаттағанымен, қызмет сапасына қатысты мәселелер толық шешілмей отыр. Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Салтанат Рахимова «Атырау Жарық» компаниясының есептілігіне қатысты мәселе көтерді.

в
Фото: Видеодан алынған скрин

- Бұрын «Атырау Жарық» компаниясы акционерлік қоғам болды. Былтыр ЖШС-ге айналды. Қазір біз олардың аудиторлық есебін де көре алмаймыз. Модернизация жасауға, құрылғыларын жөндеуге бюджеттен қаржы бөлініп отыр. Оған қоса тұтынушы тариф бойынша тағы төлеп отыр. Егер қаражат жетпей жатса, неге құрылтайшылары мен меншік иелері өз қаражатын салмайды? Неге тарифті көтере береді?», – деді Салтанат Рахимова.

Бұған дейін монополист тарифті көтеру туралы ұсынысты электр энергиясын сатып алу құны, оны беру және диспетчерлік қызметтердің қымбаттауы, сондай-ақ сыртқы ұйымдардан алынатын қызметтер бағасының өсуімен байланыстырған еді. 

Бұл тұста қоғам белсенділері бірнеше жыл бұрын елімізде құрылған бірыңғай сату операторының жұмысына қадағалау керектігін айтты. Өйткені, олар да электр энергиясынның сату бағасын көтеріп отыр.

- Қашан қаласа, сол кезде көтереді. Ал біз оның шығындары мен кірістерін көргіміз келгенде, оның қандай да бір тараптан реттелмейтіні анықталады. Бұл компанияларды облыс тұрғындары қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан мемлекет тарапынан бұған назар аудару керек, – деді қоғам белсендісі Балжан Досмұхамбетова.

а
Фото: Видеодан алынған скрин

Ал «Атырау Жарық» ЖШС бас инженері Қуат Сисенғалиевтің айтуынша, кәсіпорынның өз қаражатына 22 қосалқы станция толық реконструкциядан өткен.

- Атырау Жарықтың реконструкциясы өз қаражаты есебінен жасалады, әкімдіктен ақша бөлініп отырған жоқ, – деді ол.

Тұрғындардың негізгі сұрағы – тарифтің өсуі қызмет сапасының жақсаруына қаншалықты әсер етеді деген мәселе.

- Біз де бұл мәселені талқылаймыз.Мәселе желінің тозуына, тұтынушылардың көбеюіне, трансформаторлардың ескіруіне байланысты. Мемлекет тарапынан бағдарламалар бар. Олар бойынша тарифті де бірден көтермей, аздап көтеру көзделген,-деді ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров.

Жылу тарифіне қатысты жағдай да осыған ұқсас. Қазан айынан бастап Атырауда жылу энергиясын беру, тарату және өткізу қызметінің тарифін шамамен 30 пайызға көтеру ұсынылып отыр. https://kaz.inform.kz/news/atirauda-zhilu-tarif-ozgeru-mumkn-164ddfac/
«Атырау жылу жүйелері» ЖШС бұл өсімді жылу желілерін жаңғыртуға бағытталған инвестициялық бағдарламамен түсіндірген еді.

Атырау тұрғындары үшін маңызды тақырыптың бірі жылу электр орталығына газ жеткізу құнына байланысты. «Атырау жылу электр орталығы» ЖШС басшысы Мақсот Әленовтің айтуынша, бұрын ТШО-дан газ жылу электр орталығына тікелей жеткізілсе, биыл тасымалдау тізбегіне QazaqGaz қосылған.

- ТШО-дан бері қарай алып келу үшін екі мекеменің бағасын қосқанда, бұрын газға 1 мың кубқа 13 800 теңге төлесек, қазір 16 842 теңге төлейтін болдық. Оның былтырғы бағамен салыстырғанда инфляциялық қосылымы бар, – деді Мақсот Әленов.

ы
Фото: Видеодан алынған скрин

Тариф мәселесінде газдың рөлі зор. Өйткені, Атырау жылу электр орталығы газдан электр энергиясын өндіреді. Мұндай мәселе былтыр Жылыой ауданын газбен қамтып отырған «Жылыойгаз» мекемесіне қатысты туындаған еді. Көптің тілегі орындалып, тасымалдау тізбегіне QazaqGas қосылмады. Сондықтан белсенділер Атырау жылу электр орталығы газды бұрынғыдай ТШО-дан тікелей алғанын қалайды.

- «Жылыойгаз» тұрғындарға арналған газды әлі де «Теңізшевройлдан» тікелей сатып алып отыр. Ол – табиғи монополия субъектісі. Сондықтан жылу электр орталығының да осындай құқыққа ие болуына толық негіз бар. Өйткені табиғи монополиялар туралы заңда газдың стратегиялық тауар екені және оны тауар өндірушіден тікелей сатып алу қажеттігі көрсетілген. Ал Qazaq Gas компаниясы газды көтерме және бөлшек саудада өткізумен айналысады. Сондықтан осы мәселені қайта қарауды сұраймыз. Оның үстіне бұл мәселе бұған дейін де Энергетика министрлігінің Қоғамдық кеңесінің отырысында көтерілген,-деп пікір білдірді қоғам белсендісі Балжан Досмұхамбетова.

Биыл Атырау жылу электр орталығына газдың арнайы бағасы Премьер-министрдің хаттамасымен бекітілген. Бұл баға 2026-2027 жылдарға белгіленген. Яғни алдағы екі жылда газ құнының өзгеруі шектеулі болады, ал одан кейінгі кезеңдегі баға әзірге белгісіз.

Айта кетейік, Qazaq Gas ұлттық компаниясы газ және газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор болып есептеледі.

Бұған дейін Петропавлда бизнес үшін тариф биыл 1 мамырдан бастап — 20%, тұрғындар үшін 1 қыркүйектен 15% өсті. Ал бюджеттік ұйымдар үшін тариф шамамен екі есе артқанын жазған едік.