Атырауда есірткіге тәуелді 533 адам есепке алынған
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында есірткіге тәуелділік бойынша 533 адам есепте тұр. Биыл бес айда психобелсенді заттарды қолданудан денсаулығына зиян келген 138 тұрғын мамандар бақылауына алынған.
Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының басшысы Елдос Қыдырсиховтың айтуынша, өңірде психобелсенді заттарды қолдануына байланысты жалпы 2500-ге жуық адам мамандардың бақылауында. Оның ішінде 1953 адам алкогольге тәуелділік бойынша, ал 533 адам есірткі қолдануына байланысты тіркелген.
— Биыл бес ай ішінде психобелсенді заттарды қолданғанынан денсаулығына зиян келген 138 адам мамандардың бақылауына алынды. Оның 31-і есірткі заттарын тұтынуға байланысты. Нашақорлықтың алдын алу, ерте анықтау және емдеу бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде, — деді Елдос Қыдырсихов.
Облыстық психикалық денсаулық орталығы басшысының мәліметінше, медициналық-әлеуметтік көмек жеті аудандық психикалық денсаулық кабинеті және Атырау қаласындағы алты емхана жанынан ашылған бастапқы психикалық денсаулық орталықтары арқылы көрсетіледі.
Қазіргі уақытта облыстық психикалық денсаулық орталығында наркологиялық науқастарға арналған 56 төсек-орын жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар инъекциялық есірткі қолданатын азаматтарға арналған опиоидты агонистік қолдау терапиясы бағдарламасы жүзеге асырылуда. Аталған бағдарламаға бүгінде 8 науқас қатысып отыр.
Елдос Қыдырсиховтың сөзінше, тәуелділігі бар азаматтарды қоғамға бейімдеу бағытында да нақты жұмыс істеліп жатыр. Биыл орталықтың көмегімен екі науқастың жеке куәлігі қалпына келтіріліп, тағы екі адам қайта әлеуметтендіру орталығына орналастырылған.
Бұған дейін салынғанына 87 жыл болған ғимаратта жұмыс істеп жатқан Атыраудағы психикалық денсаулық орталыққа жаңа нысан салу мәселесі бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқанын жазған едік.