Атырауда хирург пациенттерден 8 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз алған деген күдікке ілінді
АСТАНА. KAZINFORM — Ота үшін науқастардан МӘМС есебінен төленген қаражат қайта алынған.
ҚМА Атырау облысы бойынша департаменті алаяқтық және заңсыз материалдық сыйақы алу фактілері бойынша күдікке ілінген хирург-дәрігерге қатысты тергеп-тексеруді аяқтады.
— Тергеу амалдарына сай, күдікті 2023–2025 жылдар аралығында «Family Health Clinic» ЖШС мен «Ким В.» ЖК клиникасында жұмыс істей отырып, пациенттерден варикоз ауруына жасалатын операциялардың МӘМС шеңберінде тегін жүргізілетіні туралы ақпаратты жасырған және көрсетілген қызметтер үшін төлемді өзінің банктік шоттарына қабылдап отырған.
Сонымен қатар, «DamuMed» жүйесіне пациенттерге тегін медициналық көмек көрсетілгені туралы мәліметтер енгізіліп, соның негізінде медициналық ұйымдар Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаржыландыру алған, — делінген ҚМА хабарламасында.
Осылайша, бір медициналық қызмет үшін төлем екі рет жүргізілген: бір жағынан МӘМС қаражаты есебінен, екінші жағынан пациенттердің өз қаражаты арқылы.
— Күдікті 42 пациенттің 8 млн теңгеден астам қаражатын заңсыз иемденген. Ал көрсетілген медициналық қызметтер үшін медициналық ұйымдарға қор тарапынан 14,8 млн теңгеден астам қаражат аударылған, — делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, оның қызметтік міндеттерін орындағаны үшін пациенттерден заңсыз ақшалай сыйақы алған фактілері де анықталды.
Күдіктіге қатысты елден кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Айта кетелік МӘМС аясындағы қызмет көрсетушілерге жаңа талаптар енгізілетіні туралы жазған едік.