Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Атырауда кәсіпкер балабақшаға күріштің бір келісін 21 мың теңгеге сатқан

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында балабақшаға күріштің бір келісін 21 мың теңгеден жеткізген кәсіпкер анықталды. Бұл дерек әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына жүргізілген цифрлық талдау барысында белгілі болды. Қазір аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.

Атырауда кәсіпкер балабақшаға күріштің бір келісін 21 мың теңгеге сатқан
Фото: Pexels

Атырау облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Бекболат Әнесовтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына жүргізілген цифрлық талдау нәтижесінде шекті сауда үстемеақысын 15 пайыздан негізсіз асырған 10-нан астам ірі өнім жеткізуші анықталған.

— Сауда үстемақысын 3 500 пайыздан асыра қолданып, қарапайым күріштің 1 келісін жеке балабақшаға 21 мың теңгеден жеткізген. Бұл сұрақ Атырау облысы әкімдігі жанындағы комиссияда қаралды. Жуықта кәсіпкерге қатысты шара қабылданады, — деді Бекболат Әнесов.

Жарты жылдықты қорытындылаған департамент жыл басынан бері «Кибербақылау» жүйесі арқылы онлайн-казинолар мен көлеңкелі ойын платформаларына апаратын 398 интернет-сілтеме, сондай-ақ қаржы пирамидаларына қатысты 45 интернет-сілтеме бұғатталғанын да мәлімдеді.

6 айда өндірістегі қылмыстық істердің 50 пайызы аяқталып, 12 қылмыстық іс сотқа жолданған. Аяқталған істер бойынша мемлекетке келтірілген 109,9 млн теңге шығынның 21,1 млн теңгесі сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында өндірілген.

Бұған дейін Атырауда хирург пациенттерден 8 млн теңгеден астам қаражатты заңсыз алған деген күдікке ілінгенін жазған едік.