Атырауда мотоциклмен шана сүйреген браконьерлерден 530 келі балық тәркіленді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Каспий теңізінің жағалауына жақын орналасқан Жанбай ауылының маңында 4 адамнан 530 келі балық тәркіленді. Олар балық салынған шананы мотоциклмен сүйреп келе жатқан.

Браконьер
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Исатай ауданында «Урал» мотоциклі тоқтатылған. Мотоциклге тіркелген шанада заңсыз ауланған балық болған. 

– Облыс аумағында 1-28 ақпан аралығында табиғи ресурстарды заңсыз айналымнан қорғау мақсатында кең ауқымды «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр. Осыған орай Исатай ауданындағы Жанбай ауылы маңында рейдтік іс-шара кезінде шана сүйреп келе жатқан «Урал» мотоциклі тоқтатылды. Мотоциклде 4 адам, шанада 10 қапқа салынған 530 келі балық болған. Заңсыз балық аулаушылардан 2 пышақ, 2 дана радиоқабылдағыш табылды. Тәркіленген балық «Тілекші» ЖШС-нің цехына тапсырылды, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Браконьер
Фото: Атырау облыстық полиция департаменті

Қазір аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабының 3-бөлігінің 4-тармағымен қылмыстық іс қозғалды. Полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. 

– Азаматтарды табиғатқа зиян келтіретін заңсыз әрекеттерден бас тартуға шақырамыз. Браконьерлік әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертемыз, -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда заңсыз балық аулаған браконьерлер мотоциклін тастап қашып кеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар