Атырауда өртенген көлікті сөндірмек болған жігіттің екі қолы күйіп қалды

өрт
Фото: видеодан алынған кадр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда өртенген көлікті сөндірмек болған жігіттің екі қолы күйіп қалды.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, өрт туралы кеше, 17 маусымла түнгі сағат 23:10–да шақырту түскен. 

«Атырау қаласының маңындағы Еркінқала ауылында „ВАЗ-2115“ маркалы автокөлігі өртенді. Құтқарушылар шақырту бойынша оқиға орнына жедел жетіп, өртті сағат 23:37–де оқшаулады. Көлікті шарпыған жалын сағат 23:42 толықтай сөндірілді», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. 

Көлік өртін сөндіруге төтенше жағдайлар департаментіне қарасты № 13 өрт сөндіру бөлімінен 7 құтқарушы мен 1 техника жұмылдырылды.

«Айта кететін жағдай, 1993 жылғы жігіт өртті өз күшімен сөндіруге әрекет жасаған. Алайда, ол қауіпсіздік ережелерін сақтамай, екі қолынан күйік алды. Жедел жәрдем қызметкерлері алғашқы дәрігерлік көмек көрсеткен соң ол үйіне жіберілді. Осыған байланысты облыс тұрғындарына өртті өз күшіңізбен сөндіруге ұмтылмау қажеттігін ескертеміз. Әсіресе, автокөліктегі өрт кезінде байбаламға салынбай, қауіпсіздікті қатаң сақтау қажет. Ең тиімдісі — өрттің алдын алу», -деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында шетелдік жүргізушінің көлігі өртеніп кеткенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар
telegram