Атырауда салынғанына 6 жыл ғана болған үйлер тұруға жарамсыз күйде

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау қаласында осыдан 6 жыл бұрын пайдалануға берілген баспаналар тұруға жарамсыз. 14 үйді салған мердігер өзін «банкрот» деп жариялаған, баспана кілтін табыстаған әкімдік болса, мәселенің шешімін таппады.

Атырауда салынғанына 6 жыл ғана болған үйлер тұруға жарамсыз күйде
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

«Нұрлы Жер» бағдарламасы арқылы салынған баспаналар Талқайраң-2 ықшам ауданында орналасқан. Азаматтар «Отбасы банктен» ипотекаға алған. Алайда аз уақыт өткеннен кейін қабырғалары жарылып, еден түсіп кеткен. Тіпті, жарлары құлап, адам өміріне қауіп төндірген. Сондықтан көпшілік пәтер жалдап жүруге мәжбүр.

— Үйді салған мердігер мекеме «АзияСтройСервис » компаниясы ештеңе істемейміз, әкімдікпен соттасыңыздар деді. Атырау қаласы әкімінің орынбасары баспанамыздың жағдайын көзбен көріп кетті. Алайда ешқандай шара қабылдап жатқан жоқ. Бұл үйде тұру мүмкін емес. Жөндеуге келмейтін күйде тұр, — деді көпбалалы ана Мөлдір Ырысқалиева.

Атырауда салынғанына 6 жыл ғана болған үйлер тұруға жарамсыз күйде
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Тұрғындардың сөзінше, іргетаста арматура болмаған. Жыл сайын жарықтарды бітеп, жамап-жасқағанымен нәтиже жоқ. Бүгінде бірі ипотекадан құтылса, екіншілері несиелерін әл жаппаған.

— 14 млн 300 мыңнан аса ақша төлеп, ипотеканы жаптым. Мақсатым — үйді сату. Өйткені, тұру мүмкін болмады. «БатысАльянсСтрой» компаниясы өздері салған үйлердің өтемақысын берейін деп жатыр. Ал біздің үйді салған «АзияСтройСервис» компаниясының банкрот болғанына біздің қатысымыз жоқ. Үкіметтің сол мекемені жалдап, баспана салып бергеніне біз кінәлі емеспіз. Кілтін әкімдік берді. Енді бізге жағдай жасасын, — деді тұрғын Алтын Демешева.

Күні кеше құрылыс саласындағы мемлекеттік ғылыми-зерттеу және жобалау институтының қорытындысы шықты. Мамандар үйлердің сапасы сын көтермейтінін мәлімдеген. Жөндеуге келгенмен, оның шығыны жаңа үйдің құрылысына керекті қаржымен бірдей болады.

Атырауда салынғанына 6 жыл ғана болған үйлер тұруға жарамсыз күйде
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

2020 жылы «Нұрлы Жер» бағдарламасы арқылы 60 үй салынып, тұрғындарға берілген. Оның 12-сі — екіқабатты. Ал 28 үй бірқабатты. Қалған 20 баспана екі пәтерден тұрады. Бұл үйлерді 3 мердігер салған.

54 үйді салған «БатысАльянсСтрой» ЖШС техникалық тексеріс жүргізген. Енді бұл компания жауапкершіліктен қашпай 60 және 120 шаршы метрлі баспаналарға 18 және 30 млн теңге көлемінде өтемақы төлеуге дайынбыз деп отыр.

Атырауда салынғанына 6 жыл ғана болған үйлер тұруға жарамсыз күйде
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Ал қалған 14 үйді тұрғызған «АзияСтройСервис» компаниясы ешқандай төлем болмайтынын ашық айтқан. Атырау қалалық құрылыс бөлімінің өкілдері бұл компанияға қатысты алдағы аптада жиналыс өткізіп, тұрғындардың қатысуымен мәселені сол жерде талқыламақ. Қазіргі уақытта әкімдік өкілдері зерттеу институтының 200 беттік қорытындысын оқып жатыр.

— «БатысАльянсСтрой» компаниясы өзі салған үйдің тұрғындарымен жеке жеке келіссөздер жүргізіп жатыр. Ал «АзияСтройСервис» кепілдік мерзімі өткенін алға тартып, жауапкершіліктен қашып отыр. Мекеме «банкрот болғаннан кейін ешқандай іс-әрекет жасай алмаймыз» деді. Жалпы сараптаманың қорытындысы бойынша тұрғын үйлердің іргетасын нығайтып, күрделі жөндеу немесе бұзу туралы шешім шықты. Жұмыс пен шығын көлемі жаңа үй салғанмен тең деп көрсетті, — деп пікір білдірді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Арнат Ондасынов.

Атырауда салынғанына 6 жыл ғана болған үйлер тұруға жарамсыз күйде
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Арнат Ондасынов тұрғындар әкімдікті де, мердігер мекемені де сотқа беруге құқылы екенін айтты.

Атырауда салынғанына 6 жыл ғана болған үйлер тұруға жарамсыз күйде
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Осыған дейін Атырауда 7 жыл бұрын басталған 24 тұрғын үй жобасы әлі аяқталмағанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар