Атырауда су тасқынынан бүлінген екі жол әлі жөнделмей тұр
АТЫРАУ. KAZINFORM — Биыл көктемде Атырау облысында су тасқынынан 25,6 шақырым жол бөлігі, 6 көпір бүлінген. Оның ішінде Атырау-Орал, Доссор-Құлсары бағытындағы жолдың бөлігін жөндеу әлі басталған жоқ.
Су тасқынынан 25,4 шақырым жол, 6 көпір бүлінген
Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Нұралы Әбишанның мәліметіне сүйенсек, көктемде Ойыл, Жем және Жайық өзендері тасыған кезде Қызылқоға, Жылыой, Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласында жол мен көпірлерге зақым келген.
— Су тасқыны кезінде бүлінген жолдың ұзындығы 25,4 шақырымды құрайды. Жол бойындағы 6 көпір жарамсыз болып қалды. Жыл соңына дейін жол мен көпірлерді қалпына келтіру жұмыстары аяқталады, — дейді Нұралы Әбишан.
Оның дерегіне қарағанда, жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде су басқан учаскелерге қосымша су өткізгіш құбырлар салынып жатыр.
— Жөндеу жұмыстарына басталғанымен Атырау-Индер автомобиль жолында көлік қозғалысына шектеу жоқ. Тасжолдың жүруге жарамсыз аумағына айналма жол салынды. Қазір аталған трассадағы 44 шақырым жолдың жиегі мен 3 шақырым жол жабындысы қалыпқа келтіріліп жатыр. Аталған жұмыстарды «Атырау жолдары», «Қазақдорстрой» ЖШС жүргізуді қолға алды, — деп хабарлады Нұралы Әбишан.
Мердігер жөндеуді әлі бастаған жоқ
Алайда, Атырау-Орал және Доссор-Құлсары бағытындағы жолдың бүлінген бөлігін жөндеу әлі басталған жоқ. Бұл деректі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филилалының директоры Мұрат Мықтабаев растады.
Оның айтуынша, республикалық маңыз берілген аталған жолдардағы бүлінген бөлікті жөндеу алдағы жылға жоспарланған.
— Биылғы 4 сәуірде Жем өзенінің арнасынан асқан су республикалық маңызы бар А-33 «Доссор-Құлсары-Ақтау» автомобиль жолын, Құлсары қаласының аумағын басқан еді. Атап айтқанда, аталған жолдың 101-103 және 119-122-шақырым аралығын су басты. Тасыған су 25 сәуірге дейін жалғасты. Осыған байланысты 4 сәуірде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық автокөлік түріне қозғалыс шектелді, — дейді Мұрат Мықтыбаев.
Оның дерегіне қарағанда, 12-14 сәуірде 101-103-шақырым аралығында тасқын су бұзған жол бөлігін уақытша қалыпқа келтірген. Бұл жұмысты «КАЖсервис» ЖШС-нің Атырау облыстық филиалының қызметкерлері атқарған.
— Сол кезде бүлінген жол бөлігіне су өткізуге арналған 12 құбыр салынды. Оның үстіне инертті материалдар төселді, — дейді Мұрат Мықтыбаев.
Содан бері «Доссор-Құлсары» бағытымен жүретін көліктер уақытша қалпына келтірілген жол бөлігінің үстімен өтіп жүр. Жүргізушілер жолдың бүлінген тұсына келгенде, көлік жылдамдығын азайтады.
— Қазір Атырау облысының аумағымен өтетін республикалық маңызы бар «Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сай-Өтес-Шетпе-Жетыбай-Ақтау порты» (А-33) автомобиль жолының 3-36, 36-69-шақырымы аралығында орташа жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Оны атқаратын мердігер — «БірлікЖолСтрой» ЖШС. Мердігермен келісімшарт 2024 жылдың 13 маусымында жасалды. Осы кезге дейін аталған жолдың 3-36-шақырымы аралығында 1 320 шаршы метр шұңқыр жамалды. Жол жабынының 54 320 шаршы метрі алынып, 14 800 қума метр жарыққа шайыр құйылды. Жолдың 3 136 шаршы метрі асфальтобетонмен тегістеліп, 7 200 шаршы метр жиегі қиыршық таспен нығайтылды, — дейді Мұрат Мықтыбаев.
Ал, 36-69-шақырым аралығында 1 600 шаршы метр шұңқыр жамалып, 76 431 шаршы метрдің жол жабыны алынған. Сондай-ақ, 10 152 қума метр жарық шайырмен бітелген. Жолдың 6 600 шаршы метрі асфальтобетонмен жабылып, 4 500 шаршы метр жиегіне қиыршық тас төселген.
— Аталған жолдың 101-102,2, 119,6-122,1, 171,6-210 шақырымы аралығын орташа жөндеуден өткізу үшін 2024 жылдың 16 қыркүйегінде келісімшарт жасалды. Бұл жұмысты атқаратын мердігер — «СинеМидасСтрой» ЖШС. Келісімшартқа сәйкес жұмыс әлі басталған жоқ. Құжат бойынша жұмыс екі жылдың ішінде жасалуы тиіс. Қазір мердігер жолдың 101-шақырымы бөлігіне салынатын темірбетон су өткізгіш тұрбасына және басқа инертті материалдарға тапсырыс беріп қойды. Ал, «Атырау-Орал» автомобиль жолының 44-шақырымы су өткізу үшін жырылып, тұрбалар салынған еді. Кейін уақытша қалпына келтірілді. Жолдың бұл бөлігінде де орташа жөндеу жұмысы 2025 жылы жасалады, — дейді Мұрат Мықтыбаев.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудан Ресей шекарасына дейінгі жол құрылысы қалай жүріп жатқанын жазған едік.