Атырауда такси жүргізушілерінің кесірінен 3 жылда 31 адам мерт болған

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында соңғы 3 жылда такси жүргізушілері 112 жол-көлік оқиғасына себепкер болған. Соның салдарынан 31 адам көз жұмған.

Атырауда такси жүргізушілерінің кесірінен 3 жылда 31 адам мерт болған
Фото: pixabay

Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жол-көлік апатынан көз жұмғандар саны азаймай отыр. 

— Жол ережесін жиі бұзатындар қатарында такси жүргізушілері де бар. Мәселен, соңғы 3 жылда олардың кесірінен 112 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жол апатының салдарынан 31 адам қаза тапты. Ал 208 адам түрлі дене жарақатын алды. Осыған байланысты полиция қызметкерлері такси жүргізушілеріне жол ережесін сақтаудың қажеттігін түсіндірді. Басты мақсат жол апатының алдын алу, — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлерінің пікірінше, жол-көлік оқиғасына ұшырататын бірнеше себеп бар. Біріншіден, жылдамдықты асырмау қажет. Екіншіден, алда кетіп бара жатқан көлікті басып озу кезінде абай болған жөн. Үшіншіден, жаяу жүргіншілерге жол беру керек. Ең бастысы — жол ережесін қатаң сақтау.

— Такси жүргізушілеріне жол ережелерін бұзу, оның салдары қайғылы оқиғаға ұласуы мүмкін екені ескертілді. Рульге шаршаған күйде отырмау, мобильді телефон қолданбау, көлік құралының техникалық жағдайын тұрақты тексеруден өткізу қажеттігіне баса назар аударылды, — деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жыл басынан бергі 1 айда жол апатынан 7 адам мерт болғанын хабарлаған едік

Соңғы жаңалықтар