Атырау облысында жыл басынан бергі 1 айда жол апатынан 7 адам мерт болған
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында жыл басынан бергі 1 айда жол апатынан 7 адам көз жұмған. Бұл дерек тәртіп сақшыларын алаңдатып отыр.

Атырау облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Әділбек Шахметовтің айтуынша, тәртіп сақшылары тәулік бойы жол қауіпсіздігін қадағалауды қолға алған.
– Жүргізушілерге сақтық шаралары туралы ұдайы түсіндіру жұмысы жүргізілгеніне қарамастан, жыл басынан бері жол апатының салдарынан 7 адам қаза тапты. Оның ішінде жасөспірімдердің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы бар. Полиция департаментінің қызметкерлері жол бойындағы қайғылы жағдайлардың алдын-алу үшін профилактикалық іс-шараларға басымдық беріп отыр, -деп хабарлады Әділбек Шахметов.
Оның айтуына қарағанда, жолдағы қауіпсіздікті сақтау мақсатында мектептерде окушылармен және ата-аналармен жиын өткізілген.
– Атырау каласынан 4 бағытқа шығатын тұста көлік жүргізушілеріне жол апатының бейнероликтері көрсетіліп, кемпингтерде қауіпсіздік талаптары түсіндірілді. Халықаралық бағытқа қатынайтын ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне шеп бекеттерінен өзге облыстардағы қолайсыз ауа райы, жол қозғалысы туралы кеңес берілді, - дейді Әділбек Шахметов.
Сондай-ақ, Атырау қаласының көшелерінде жол апатынан жарамсыз болып қалған көліктер көрсетілген. Жол ережесін сақтап, өзінің және жолаушылардың өміріне немқұрайлы қарамайтын жүргізушілерге естелік сыйлықтар берілген.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жол апатынан 2 көліктің жүргізшісі мен 1 жолаушы мерт болғанын хабарлаған едік.
Кейін жол апатынан 37 жастағы жолаушы көз жұмғанын жазған болатынбыз.